Қоғам

Адвокат әл-Фарабидегі апатқа көлік жарысы себеп болған деп санайды

Апат салдарынан үш адам қайтыс болды / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Заңгер Мейірман Шекеев Алматының әл-Фараби даңғылында болған апатқа қатысты сотқа қайта кірісіп жатыр. Алайда бұл жолы қайтыс болған Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шатеновтің құқығын қорғайды. Шатенов істе жәбірленуші деп танылды.

19 маусымдағы сот отырысында Шатенов сотталушы Александр Пакты кешірмейтінін айтты.

Сондай-ақ сотта Алматы полиция департаменті бастығының орынбасарының көлік жүргізушісі болған Әсет Жақсылықов куә ретінде қатысты.

Сот отырысынан кейін Мейірман Шекеев Жақсылықовтың тергеуде және сотта берген жауабының арасында айырмашылық барын айтып, жол апатына көлік жарысы себеп болған деп санайтынын жеткізді.

«Жақсылықов бастапқы жауабында мен «оны басып оздым» деп айтқан», – дейді Шекеев.

Айта кетейік, апат салдыранын 1996 жылы туған Еламан Қайыржанұлы, 2003 жылы туған Құмар Теңелбаева және 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек оқиға орнында қайтыс болған. Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленушілер сотталушы Пакты кешіріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.