Жаңалықтар

Әлем чемпионатында төрелік етіп жүрген әйел төрешілер кімдер

Катя Ицель Гарсия / фото: FIFA

Футболдан ерлер арасындағы Әлем чемпионатында әйел төрешілердің төрелік етуі ең үлкен өзгерістердің бірі болып отыр. Бүгінде бұл үрдіс футболдың әдемі дәстүріне айналып үлгерді. ФИФА төрешілер комитетінің басшысы Пьерлуиджи Коллина бұл тағайындаулардың гендерлік белгіге емес, «ең алдымен кәсіби сапа» принципіне негізделгенін ерекше атап өтті.

АҚШ, Канада және Мексиканың жасыл алаңдарында өтіп жатқан биылғы Әлем кубогында 6 әйел төрелік етіп жатыр. Олардың екеуі – бас төреші, үшеуі – ассистент және біреуі – VAR (бейнеқайталау) төрешісі.

Бәрі Стефани Фраппардан басталды

Әйел төрешілердің ерлер футболында қызмет етуі алғаш рет 2022 жылы Қатардағы Әлем чемпионатында орын алды.

Франциялық Стефани Фраппар ерлер арасындағы Әлем чемпионатында бас төреші болған тарихтағы алғашқы әйел. Қатарда толықтай дерлік әйелдерден құралған төрешілер бригадасын басқарды.

Фраппармен бірге Салима Мукансанга (Руанда), Ёсими Ямасита (Жапония) бас төреші ретінде, ал Кэтрин Несбитт (АҚШ), Неуза Бак (Бразилия) және Карен Диас Медина (Мексика) ассистент ретінде ойынды басқарды.

Стефани Фраппар / фото: UEFA

Тори Пенсо – жаңа буынның жарқын жүзі

Биылғы Әлем чемпионатындағы әйел төрешілер корпусының басты жұлдызы – 39 жастағы америкалық Тори Пенсо. АҚШ-тың әйелдер (NWSL) және ерлер (MLS) лигаларында қызмет ететін, әлемдегі ең беделді реферилердің бірі.

2023 жылы Испания мен Англия арасындағы әйелдер арасындағы Әлем чемпионатының финалын басқарды. Сондай-ақ КОНКАКАФ аймағында ерлер арасындағы ӘЧ іріктеу кезеңіне қатысқан алғашқы әйел. Ерлер Әлем чемпионатындағы бас төреші ретіндегі алғашқы тәжірибесі. Оның бригадасы 18 маусым күні Атлантада өткен Чехия мен Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) арасындағы кездесуде дебют жасады.

Тори Пенсо / фото: Getty Images

Катя Ицель Гарсия – Мексиканың мақтанышы

Турнирдегі екінші бас әйел төреші – 33 жастағы мексикалық Катя Ицель Гарсия. Ол өз еліндегі әйелдер біріншілігінде 2017 жылдан бастап төрелік етіп, кейіннен ерлер арасындағы «Лига MX» матчедарына шыққан алғашқы әйел атанды.

Катяның қоржынында 2023 жылғы әйелдер ӘЧ бар. Енді, міне, ерлер Әлем чемпионатында төрелік еткен алғашқы мексикалық әйел атанып отыр. Ең маңыздысы, бұл тарихи сәт оның өз отаны Мексикада өтіп жатқан матчтар аясында жүзеге асып жатыр.

Айта кетейік, Мексика топтық кезеңде алғашқы екі ойында жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне алғашқылардың бірі болып шықты.