Жаңалықтар

Алаяқтар құрбаны болған Айсәуленің әкесі петиция жариялап, президентке жүгінді

Айсәуле Қанаханың әкесі Саябек Қанаха петиция жолдады
Айсәуленің жұмбақ өлімі Ақордаға петиция жолдауға түрткі болды / фото: Facebook/Sayabek Qanakha, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылғы сәуірде алаяқтар құрбаны болған астаналық студент Айсәуленің әкесі Саябек Қанаха телефон және интернет алаяқтығын» ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп тануды» сұрап, мемлекет басшысына жүгінді.

Жүйені реформалауды ұсынды

Қазақ және орыс тілдерінде жазылған петиция президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, премьер-министр Олжас Бектеновке, Бас прокурор Берік Асыловқа, ІІМ басшысы Ержан Сәденовтің атына жолданды. Ашық хат мәтіні epetition.kz – онлайн-петицияға арналған ресми платформада 19 маусымда жарияланды. Құжат «Балаларды алаяқтардан қорғау: Айсәуле Қанаха ісі» деп аталады.

Айсәуле Қанаха ісі бойынша петиция
фото: epetition.kz платформасында жарияланған петициядан скриншот

Петиция авторы Саябек Қанаха жоғары билікке ашық үндеу жолдау себебін Kursiv.Media-ға былай деп түсіндірді:

«Қазір Айсәуле ісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Соның барысында байқағаным: киберполдың, басқа да тергеушілердің деңгейі өте таяз. Әр мекеме бір-біріне хат жазумен, оның жауабын 10-15 күн күтумен уақыт өткізеді. Бұл жерде әр секунд өте маңызды. Тез әрекет етпесе, ізі суып кеткен соң киберқылмысты ашу мүмкін емес.

Жеке басымдағы уайым мен қайғы-қасірет мәселесін шешу емес, мемлекеттік деңгейде дұрыс жұмыс істемей тұрған жүйені реформалауды ұсындым«, – деп түсіндірді құжат авторы Kursiv.Media-ға.

Қанаха осы салада жүрген мамандарының бәріне «топырақ шашпайтынын», бірақ төменгі – аудандық деңгейдегі бөлімдердің жұмысы шынымен сын көтермейтінін ескертті. Оның пікірінше, құқық қорғау органдарындағы мекемелер жеке-жеке емес, жұмылып жұмыс істеген уақытта ғана нәтиже шығады.

Жастарымыз қорғансыз қалды

Петицияда Айсәуле Қанаханың алаяқтар қармағына қалай ілінгені және оның өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеу барысы баяндалып, билікке нақты ұсыныстар жасалған.

«Шабыт» академиясының студентін өздерін «Ұлттық банк мамандарымыз» деп таныстырған алаяқтар алдаған. 20 жастағы қызға бірнеше күн бойы WhatsApp мессенджері арқылы ауыр психологиялық қысым көрсетіп, отбасының қаражатын бөгде тұлғалардың (дропперлердің) шоттарына аударуға мәжбүрлеген. 1 сәуірде таңертең Айсәуле жұмбақ жағдайда көз жұмды. Марқұм 3 сәуір – 21 жасқа толар туған күні жерленді.

«Біздің адами капиталымызға қарсы бағытталған жоспарлы террор!», – деп сипаттайды кейінгі уақытта белең алған киберқылмыстарды құжат авторы.

Саябек Қанаха қызы Айсәуле оқыған Астана қаласындағы №66 мектептің бір ғана сыныбынан биыл үш түлек қаза тапқанын атап өтті. Марқұмдардың бірі Оксфорд университетін бітірген.

«Бұл өлімнің барлығы алаяқтық пен бопсалау фактілерімен тікелей байланысты. Жерлеу бюросының қызметкерлері зиратқа 20-21 жастағы жастардың мәйіттері жаппай түсіп жатқаны туралы ашық айтуда. Жастарымыз қорғансыз қалды«, – делінген петицияда.

Киберпол дәрменсіз екенін көрсетті

Саябек Қанаха қылмыстық істі тергеу барысына көңілі толмай, құқық қорғау органдарының жұмысына сын айтты.

«Мемлекеттің қазіргі қарсы іс-қимыл жүйесі толығымен күйреді. ІІМ «Киберпол» төменгі бөлімшелері өздерінің мүлдем дәрменсіз екенін көрсетті: қызметкерлер ағылшын тілін білмейді, IT-криминалистиканың базалық дағдыларынан жұрдай, олар Telegram мен WhatsApp бас кеңселеріне халықаралық сұрау салуларды жедел жіберуге қауқарсыз», – делінген петицияда.

Қанаханың пікірінше, «құқық қорғау органдары барлық жауапкершілікті зардап шеккен азаматтардың өздеріне ысырып қойып, тек өлім мен шығынды тіркейтін енжар бақылаушыға айналған».

Астанаға жеті ұсыныс

Мемлекет басшысына жолданған петицияда нақты жеті ұсыныс бар:

  • 1. Ұлттық қауіпсіздік қатері: Кибералаяқтықты ресми түрде ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп тану және ведомствоаралық «КиберҚалқан» тобын құру;
  • 2. Бірыңғай «Anti-Fraud» орталығы: Сингапур мен Ұлыбритания тәжірибесімен, «бір терезе» принципі бойынша жұмыс істейтін Кибералаяқтықпен күресудің ұлттық орталығын құру. Онда тергеушілер, IT-мамандар, банк және байланыс операторлары бірге отырып, алаяқтық шоттарды дереу бұғаттауға тиіс;
  • 3. Оңтайлы онлайн-жүгіну: Жәбірленушінің арызын Орталықта бір сәтте тіркеу және өтініш түскен соң 1 сағат ішінде алаяқтар (дропперлер) мен аударымдар тізбегін автоматты түрде бұғаттау;
  • 4. Қатаң заңнамалық жауапкершілік: Азаматтарды киберпсихологиялық қысыммен өзіне қол жұмсауға жеткізгендерді 15 жылға дейін соттау. Деректерді сыртқа шығарған ХҚКО, банк және байланыс операторларының қызметкерлеріне дербес қылмыстық жауапкершілік енгізу;
  • 5. Несие нарығын шектеу: Онлайн-кредит беруді толық жою (бөліп төлеуді қоспағанда). Кез келген ірі аударым мен 300 мың теңгеден асатын несиеге 72 сағаттық «салқындау кезеңін» және міндетті биометрияны енгізу. Банкоматтардан картасыз ақша алуды тек биометрия арқылы рұқсат ету;
  • 6. SIM-карта мен дропперлерді бақылау: ҚХР тәжірибесімен өз картасын алаяқтарға сатқан дропперлерді өмір бойына қара тізімге енгізу. Бір жеке тұлғаға ең көп дегенде 3 SIM-карта ғана беруді заңмен шектеу;
  • 7. «Цифрлық вакцинация»: Мектептерде 5-сыныптан бастап міндетті киберқауіпсіздік пәнін енгізу және БАҚ-та ауқымды әлеуметтік жарнама науқанын бастау.

Саябек Қанаха адам өмірлерін сақтап қалу жолында жедел әрі батыл шешімдер қабылданады деп сенеді. Құжат авторы Айсәуле мен жүздеген жас қазақстандықтың өлімі – осы мәселенің шегіне жеткен нүктесі болуға тиіс деп есептейді.

Осы аптада ғана Айсәуле Қанаха өліміне қатысты істегі дропперлер анықталып, олардан жауап алынғаны мәлім болған.