Жаңалықтар

Ақсақал колледж бітіріп, жастармен бірге диплом алды

Ақсақал жастармен бірге колледж бітірді
Колледж дипломын алуға беттеген ақсақал / фото: Мүфтият

ҚМДБ-ға қарасты Әбу Ханифа медресе колледжін биыл 34 түлек тәмамдады. Диплом алғандар арасында бір ақсақал бар.

Алматы қаласында орналасқан осы колледж білікті дін мамандарын даярлайды. Орта білімі бар кез келген азамат оқуға түсе алады. Сондықтан жастар да, ересектер де, зейнет жасындағы ақсақалдар да қабылданып жатады.

Биыл да сақалын ақ шалған бір түлекке колледж дипломы табысталды. Оның суретін Мүфтият жариялады.

Әбу Ханифа медресе колледжінің түлектері
Медресе колледж түлектері / фото: Мүфтият

Мүфтият мәліметінше, биыл медресе бітірген 34 түлектің бірі қызыл диплом иегері атанды. Төрт шәкірт хафиз мәртебесіне ие болды. Олар Құран Кәрімді толық жаттап шыққан.

12 түлек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарамағындағы діни қызметке жолдама алса, қалған түлектер елдегі басқа да жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруды көздеп отыр.

Бұған дейін Kursiv.Media бата беруді үйрететін алғашқы тегін үйірме ашылғаны туралы жазған.