
Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алу қағидалары жаңартылды. Енді Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын 18 жасқа дейінгі балалар есепке алынады. Баланың тұрғылықты жері бойынша тіркеуінің бар-жоғына назар аударылмайды.
Балаларды есепке алу жыл сайын наурыз, маусым, қыркүйек және желтоқсан айларында «Ұлттық білім беру деректер қоры» мен мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынған мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.
Осылайша мемлекеттік органдардың цифрлық жүйесіндегі ақпарат негізінде 0-18 жасқа дейінгі балалардың бірыңғай дерекқоры құрылады.
Бірыңғай дерекқорда баланың:
тегі, аты, әкесінің аты;
ЖСН-і;
туған күні;
тұрғылықты мекенжайы көрсетіледі.
Әр оқу жылының басында балаларды есепке алу 20 қыркүйекке дейін аяқталады.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің 2026 жылдың 5 маусымдағы №156-НҚ бұйрығында көрсетілген. Құжат 28 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.