Жаңалықтар

Алматыдағы LRT құрылысына байланысты Момышұлы көшесінің ортаңғы бөлігі жабылады

фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасының құрылысы басталуына байланысты Момышұлы көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлайды.

Енді Момышұлы бойымен Мөңке би көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта жолдың ортасындағы екі жолақ толық жабылады. Құрылыс жүріп жатқан уақытта қоғамдық көлікке арналған «автобус жолағы» уақытша жұмыс істемейді, сондықтан бейнебақылау камералары бұл жолаққа шыққан өзге көліктерге айыппұл салмайды. Жүргізушілерге жол кептелісін ескеріп, бағыттарын алдын ала жоспарлау ұсынылады.

Еске сала кетсек, LRT-ның бірінші кезеңі Момышұлы көшесі, Төле би көшесі, Абылай хан даңғылы арқылы «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін барады. Ал оның депосы Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінде орналасады. Жобаның осы бірінші кезеңінің жалпы ұзындығы 18,3 шақырымды құрайды.

Құрылысқа 61,4 млрд теңге бөлінген. Ал жобаны жүргізуге қытайлық компаниялар көмектеседі.