Жаңалықтар

Мүтәліп пен Жақыпов ERG топ-менеджерлері құрамына енді

Фото: Дина Карамчакова, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ең ірі тау-кен металлургиялық компанияларының бірі – Eurasian Resources Group (ERG) менеджерлер кеңесінің құрамын жаңартты. Компанияның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, кәсіпорынды Қазақстанның атынан төрт адам басқарады.

Бұл өзгерістер акционерлер арасындағы үлкен мәміле мен ауыс-түйістерден кейін қабылданып отыр.

Жақында белгілі кәсіпкер Шахмұрат Мутәліпке тиесілі «Nature Energy Solutions Ltd.» компаниясы биыл холдингтің 39,3% акциясын иеленген. Бизнесмен бұл үлесті Патох Шодиев (18,6%) пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен (20,7%) сатып алған.

Менеджердер кеңесінде кімдер бар?

Осы үлкен мәміледен кейін басқару құрамы да жаңарып, бұрынғы қожайындардың өкілдері — Сабир Шодиев пен Эдуард Сурлевич кеңестен біржола кеткен. Қазіргі топ-менеджмент құрамы төрт адамнан тұрады:

  • Шухрат Ибрагимов (Төраға) — компанияның негізін қалаушы марқұм Әлиджан Ибрагимовтың ұлы. Ол өз қызметін сақтап қалды.
  • Шахмұрат Мүтәліп— жаңа ірі акционер. Ол «Integra Construction» құрылыс компаниясының иесі әрі Forbes Kazakhstan (2026 ж.) рейтингінде 482 миллион доллар байлығымен 22-орында тұр.
  • Нұрлан Жақыпов — «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы. Ол кеңес құрамындағы Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің орнын басты.
  • Роман Скляр — Президент Әкімшілігінің басшысы. Ол компанияның 40% үлесіне иелік ететін үкіметтің атынан өз орнын сақтап қалды.

Бұған дейін Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының Қазақстандағы активтерін Кудрәт Шамиев басқаратыны хабарланған.