
Павлодар облысындағы Омбы-Майқапшағай тасжолында орын алған ауыр жол апаты салдарынан екі адам қаза тауып, тағы үшеуі жарақат алды.
Өңірлік полиция департаменті хабарлағандай, қасіретті оқиға 19 маусымда Аққулы ауданында болған. Changan CS75 және Skoda Rapid автокөліктері соқтығысқан.
Алған жарақаттарынан Skoda жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Changan жүргізушісі мен оның екі жолаушысы ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, көлік құралдарының соқтығысуы орын алғаны анықталды. Автокөліктер мамандандырылған тұраққа қойылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады», – деп хабарлады полициядан.
Қазіргі уақытта тергеушілер апаттың барлық егжей-тегжейі мен себептерін анықтап жатыр.
Бұған дейін Алматыда әл-Фараби даңғылындағы шулы жол апатында үш адамның өліміне айыпталып жатқан кәсіпкер Александр Пактың ісі бойынша сот жалғасып жатқаны туралы жазған едік.