Қоғам

Қазақстан мен Черногория қай салаларда бірлесе жұмыс істеуге келісті

Черногория президенті Қазақстанға келді/фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория президенті Яков Милатович бірлесіп мәлімдеме жасады.

Ақорданың хабарлауынша, тараптар халықаралық ұйымдар шеңберінде күш-жігерді үйлестіруге және өңірлік әрі жаһандық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін мәлімдеген.

«Қазақстан тарапы Черногорияның экономикалық және әлеуметтік дамуындағы ілгерілеуін жоғары бағалап, Черногорияның Еуропалық Одаққа (ЕО) толыққанды мүше болу жолындағы күш-жігерін қолдайтынын растады», – деп хабарлады Ақорда.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтіп, өзара сауда көлемін ұлғайту және тікелей инвестицияларды ынталандыру жөніндегі бірлескен іс-қимылды жандандыруға уағдаласты. Олар энергетика, көлік, логистика және құрылыс салаларын қоса алғанда, негізгі секторлардағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын мәлімдеген.

Сондай-ақ екі ел жоғары білім, ғылым және зерттеулер саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге, бірлескен академиялық және ғылыми бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге келісті.

Айта кетейік, Черногория президенті Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді.