Экономика

ҚНРДА тағы бір қаржы ұйымының лицензиясын 6 айға тоқтатты

микроқаржылық қызмет көрсетуге арналған лицензиясы 6 айға тоқтатылды / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Микроқаржылық қызмет көрсетуге арналған лицензиясы 6 айға тоқтатылды / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

«LOMBARD 333 TM» ЖШС-ның микроқаржылық қызмет көрсетуге арналған лицензиясы 6 айға тоқтатылды. Мұндай шешім Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Павлодар қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы бастығының 2026 жылғы 16 маусымдағы бұйрығымен қабылданды.

Агенттік мәліметінше, ломбард «Микроқаржылық қызмет туралы» заңның бірқатар талаптарын бұзған.

Лицензияның тоқтатылуы ломбардтың жаңа микрокредит беруіне тыйым салады. Сонымен қатар компания бұрын берілген микрокредиттердің мерзімін ұзарта алмайды және қолданыстағы шарттарды клиенттің немесе ұйымның міндеттемесін көбейтетіндей етіп өзгерте алмайды.

Алайда лицензия тоқтатылғанымен, ломбард бұрын жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындауға тиіс.

Ал осы ломбардтан микрокредит алған клиенттер бұрынғы шарт талаптарына сәйкес қарызын өтеуге міндетті. Яғни лицензияның тоқтатылуы клиенттердің қарызын автоматты түрде жоймайды.

Айта кетейік, қаңтарда қарызға ақша беретін Qanat Finance ұйымы лицензиясынан айырылғанын жазған едік.