
«Қазгидромет» шілде айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, Астана мен Алматыда температура жиі өзгеріп, жаңбырлы күндер көп болады.
Елордада шілде айындағы орташа ауа температурасы +21,2 градус шамасында болып, климаттық нормаға жақын болады. Ай бойы салқын күндер мен аптап ыстық кезеңдер алма-кезек ауысып отырады.
- 10 шілдеге дейін түнде ауа температурасы +7…+12 градустан +12…+17 градусқа дейін, күндіз +19…+24 градустан +26…+31 градусқа дейін көтеріледі;
- 11-21 шілде аралығында түнде +14…+19 градустан +19…+24 градусқа дейін, күндіз +28…+33 градустан +33…+38 градусқа дейін ыстық болады;
- Ай соңына дейін түнде +8…+13 градустан +14…+19 градусқа дейін, күндіз +20…+25 градустан +28…+33 градусқа дейін өзгереді.
Ай бойы найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жиі жауады. Дегенмен жауын-шашын мөлшері көпжылдық норма шамасында болады деп болжанып отыр. Кей күндері желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Ал Алматыда шілде айындағы орташа ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болып, +26,4 градус деңгейінде болуы мүмкін.
- 10 шілдеге дейін түнде ауа температурасы +12…+17 градустан +13…+23 градусқа дейін, күндіз +24…+29 градустан +30…+35 градусқа дейін көтеріледі;
- 11-21 шілде аралығында түнде +12…+17 градустан +21…+26 градусқа дейін, күндіз +24…+29 градустан +39…+44 градусқа дейін ысиды;
- Айдың соңына дейін түнде +15…+20 градустан +21…+26 градусқа дейін, күндіз +33…+38 градустан +39…+44 градусқа дейін болады.
Ай бойы жауын-шашын мөлшері көпжылдық норма шамасында болады деп болжануда. Сонымен қатар найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жиі жауады.
Айта кетейік бүгін, 19 маусымда оңтүстікте күн ыстық болады. Алайда өзге аймақтарда жаңбыр мен найзағай күтілуде.