
Jana Рost IT-логистикалық компаниясы журналистер күні қарсаңында медиа өкілдерімен кездесу өткізіп, шетелдік маркетплейтерден тауар алу нарығындағы жағдай, алдағы өзгерістер мен компанияның жоспарлары туралы айтты.
Маркетплейстерден тапсырыс берушілердің портреті
Jana Post корпоративтік бизнесті дамыту жөніндегі директоры Ерлан Бежкенов қытайлық маркетплейстерден негізінен 17-40 жас аралығындағы адамдар тапсырыс беретінін айтады. О баста клиенттік базаны негізінен аналар құраған. Қазір үрдіс жастар арасында жаппай танымалдыққа ие. Jana Post-тың ел бойынша 3 млн-нан астам тұрақты қолданушысы бар. Олардың дені жастар.
Сонымен қатар маркетплейстен тауар алу сауда мәдениетін өзгертіп, адамдарды қаражатын үнемдеуге, тауар келетін уақытқа қарай жоспар құрып жүруге үйретіп жатқан көрінеді.
Шілдеден бастап күшіне енетін өзгеріс
2026 жылғы шілдеден бастап ЕАЭО елдерінде, соның ішінде Қазақстанда шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарларға қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Оған сай, шетелдік маркетплейстен 200 еуродан қымбат тауар алған жағдайда, 22% салық төлеу керек болады. Алайда Jana Post кұрылтайшысы Айтан Қамет өзгерістің қарапайым қолданушыларға қатысы жоғын айтады.

«Бізде сатып алушыларымыздың 99 пайызы 200 еуроға дейінгі сомаға тапсырыс береді. Орташа чек 4500 теңгенің маңында. Ал жылына бір адам шамамен 150 мың теңгеге зат сатып алады. Сондықтан өзгеріс таза коммерциялық мақсатта тауар сатып алатын қолданушыларды қамтиды. Қарапайым сатып алушыларға алаңдауға себеп жоқ», – дейді ол.
«Моңғолия нарығына шығамыз»
Компания СЕО-сы Бақытжан Тоқай Jana Post қызмет аясын кеңейтіп кезекті шетелдік нарық – Моңғолия еліне кіргелі жатқанын мәлімдеді. Одан бөлек Әзербайжан мен Түркия нарығын зерттеп жатқанын атап өтті.
“Бүгінде біз Қазақстанның барлық аймағынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан нарықтарында сәтті жұмыс істеп жатырмыз. Енді биыл Моңғолия нарығына кіргелі жатырмыз. Ол жақтан үлкен мүмкіндік көріп тұрмыз, – деді ол.
Jana Post Қытайдан тауар жеткізумен айналысатын IT-логистикалық компания. Жеткізу уақыты 7-13 күн. Қазіргі таңда қытайлық Taobao, Pinduoduo, 1688, Temu, JD.com серсивтерімен серіктестік орнатқан. Компания құрылтайшысы ел арасында танымал Pinduoduo сервисі арқылы жасалатын тапсырыстың 65 пайызын, Temu-дағы тапсырыстың 50 пайызын иеленіп отырғанын айтады.