Жаңалықтар

Тоқаев Польша сенатының маршалын Ақордада қабылдады

Тоқаев Польша сенатының маршалын Ақордада қабылдады/ Фото: Ақорда

Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньскамен кездесуі өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды.

«Біз әлемнің ең ірі жиырма экономикасының қатарына кіретін Сіздің еліңізбен өзара іс-қимылды дамытуға үлкен мән береміз. Мемлекеттеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап шын мәніндегі достық байланыстар қалыптасты, парламентаралық диалог жоспарлы түрде және өте табысты дамып келеді», – деп атап өтті мемлекет басшысы.

Әңгімелесу барысында ортақ тарихи байланыстарға ерекше назар аударылды. Президент қазақ тарихын, тұрмысы мен мәдениетін зерттеуге зор үлес қосқан көрнекті поляк этнографы – Адольф Янушкевичтің еңбегін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Польша Президенті Кароль Навроцкийге және Премьер-министр Дональд Тускке өзінің жылы лебізін жолдады.

«Сізбен кездесу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым, оның маңызы өте зор. Біз поляк халқы үшін өте маңызды кезеңде – қазақ халқы сол бір қиын-қыстау заманда қолдау көрсетіп, көмек қолын созған отандастарымыздың депортацияланғанына 90 жыл толуы қарсаңында келдік. Біздің тек ортақ тарихи өткеніміз ғана емес, сонымен бірге болашақта да үлкен перспективаларымыз бар. Біз үшін осы өңірдегі негізгі елдердің бірі – Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор», – деді Сенат Маршалы.

Малгожата Кидава-Блоньска Мемлекет басшысына көрсетілген қонақжайлылық үшін шынайы ризашылығын білдірді.