Жаңалықтар

Ормұз дауы: АҚШ пен Иран келіссөзге бара жатып қайта тартысты

АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс / фото: RTVI

Reuters мәліметінше, АҚШ Иранның Ормұз бұғазын жаптық деген мәлімдемесімен келіспей отыр. Вашингтонның айтуынша, бұл маңызды теңіз жолында сауда кемелері бұрынғыдай қатынап жатыр.

АҚШ пен Иран өкілдері жексенбі күні Швейцарияда бейбіт келіссөздерді бастауы тиіс. Иран делегациясы елге жетіп қойған, ал АҚШ атынан вице-президент Джей Ди Вэнс бастаған топ қатысады.

Бұған дейін тараптар 60 күндік атысты тоқтату режиміне келіскен. Бірақ сенбі күні Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормұз бұғазы жабылғанын мәлімдеді. АҚШ Орталық қолбасшылығы мұны жоққа шығарып, сенбі күні бұғаз арқылы 55 сауда кемесі өткенін хабарлады. Бұл кемелер әлемдік нарыққа 17 млн баррельден астам мұнай жеткізген.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұғаздан өту үшін әзірге ешқандай төлем алынбайтынын айтты. Бірақ егер бейбіт келіссөздер нәтиже бермесе, Вашингтон бұл мәселені қайта қарауы мүмкін екенін ескертті.

Иран тарапы келісімнің толық орындалуын талап етіп отыр. Тегеранның пікірінше, атысты тоқтату тек қағаз жүзінде қалмауы керек және ол барлық бағытты, соның ішінде Ливандағы жағдайды да қамтуы тиіс.

Fox News арнасына берген сұхбатында Джей Ди Вэнс атысты тоқтату режимі сақталады деп сенетінін және Ормұз бұғазының шынымен жабылғанына ешқандай дәлел көрмегенін айтты.