Жаңалықтар

Саида Мирзиёеваның Астанаға сапары: Тоқаев екі ел байланысының маңызын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады / фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент Саида Мирзиёеваның Астанаға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан президент әкімшіліктері арасындағы тұрақты жұмыс байланыстары өңірлік ықпалдастықты күшейтуге ықпал етеді.

«Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын Орталық Азиядағы тұрақтылық, өңірлік ықпалдастық нығая түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы ірі мемлекеттер екенін, екі ел де қазір дамудың маңызды кезеңінде тұрғанын айтты. Президенттің сөзінше, реформаларды табысты іске асыру үшін өңірге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет.

Кездесу барысында Тоқаев 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанына да тоқталды. Президент Бұхараға жасаған жұмыс сапарын еске алып, Өзбекстанның цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы тәжірибесіне назар аударды.

«Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түрде дамытуға бет бұрды. Осы орайда біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жеткізді.

Өз кезегінде Саида Мирзиёева кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтып, Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән беретінін жеткізді.

«Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жолында бірге жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесі байқалады. Біз бірлесе отырып, аймақ үнін жаһандық аренаға жеткізе аламыз. Қазақстан – сенімді одақтасымыз», – деді Саида Мирзиёева.

Кездесу соңында тараптар екі елде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жобаларды іске асыру барысы сөз болды.

Айта кетейік, Тоқаев келесі апта Брюссельге ресми сапармен барады.