Банк пен қаржы

15,6 пайыз: қазір ең жоғары депозит сыйақысын қай банк береді

Депозит бойынша ең жоғары пайызды қай банк ұсынады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Kursiv.Media зерттеуінше, банктердегі депозит сыйақылары өзгере бастады. Бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендетуі әсер еткен. Реттеуші мұндай шешімді инфляцияның баяулауымен және ақша-кредит саясаты бойынша жаңарған болжамдармен байланыстырды. Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4% болды.

Толтыру және шешу мүмкіндігі бар депозиттер

22 маусымдағы деректерге қарағанда, толтыру және шешу мүмкіндігі бар депозиттер арасында ең жоғары номиналды мөлшерлеме 15,6% деңгейінде қалып отыр. Мұндай ставканы Freedom пен KZI Bank ұсынады. Үздік үштікке Home Credit Bank те кірді: банктің «Простой» депозиті бойынша номиналды мөлшерлеме 15,1% шамасында.

Нарықта қысқа мерзімді салымдар әлі де тартымды. Мысалы, 6 айлық депозиттер арасында Alatau City Bank-тің BAYTAQ өнімі 15%, Nurbank-тің «Оптималды» депозиті 14,65%, ал БЦК-ның «Чемпион» салымы 14,5% ұсынады. Яғни банктер клиенттерді ұстап қалу үшін икемді шарттар мен салыстырмалы жоғары сыйақы сақтауға тырысып отыр.

Дегенмен базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозит нарығына біртіндеп әсер етеді. Әдетте мұндай жағдайда банктер жаңа салымдар бойынша пайыздарды қайта қарап, жоғары табыстылықты ұзақ уақыт сақтай бермейді. Сондықтан қазір жоғары пайыз ұсынатын депозиттерге сұраныс артуы мүмкін.

Толтыру және шешу мүмкіндігі бар депозиттер жинақ ақшаны еркін басқарғысы келетіндерге ыңғайлы. Бірақ олардың табыстылығы толық «жабық» депозиттерге қарағанда төменірек болады. Сол себепті салым таңдағанда тек пайызға емес, мерзіміне, капитализациясына, ақшаны шешу шарттарына және ЖТСМ көрсеткішіне де қараған дұрыс.

Тағы да оқыңыз: Қазақстандық банктер 5 айда 1 трлн теңге таза пайда тапқан.