Жаңалықтар

Әзербайжан жағалауында Каспий теңізіне ірі көлемде мұнай төгілді

Каспий теңізіне мұнай төгілді /фото: shutterstock

Каспий теңізінде мұнай құбыры жарылып, суға мұнай жайылды. Қазір шикізат тасымалдау тоқтатылды деп жазады Report.

19 маусымда «Азнефть» кәсіпорнының орталық аппаратына Дюбенди жағалауы аймағында мұнай жайылғаны туралы ақпарат түскен. Мұны Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы (SOCAR) растады.

Кейін тікұшақпен барлау кезінде Дюбенди жағалауы мен Пираллаха аралы арасындағы су айдынында мұнай дағы байқалған. Сараптама қорытындысы бойынша, шикізат жайылуына «Азнефтьке» тиесілі мұнай құбырларының біреуінің жарылуы себеп болған.

Сүңгуірлер құбыр айналысын тексеріп, әлденеден зақымдалғанын анықтады. Құбыр кеменің зәкірімен жанасып, тесілуі мүмкін. Осыдан кейін бірден аталған құбырдан мұнай тасымалдау тоқтатылды. Апатты жою үшін арнайы штаб құрылды.

Қазір апаттың салдарын жою, су айдынын және жағалау аймақты тазалау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жөндеу қай уақытта аяқталатыны және экологияға қандай көлемде зиян келгені белгісіз.

SOCAR – Әзербайжанның мемлекеттік мұнай-газ корпорациясы. Ал «Азнефть» оған тиесілі құрылымның бірі деп саналады.

Тағы да оқыңыз: Әзербайжан компаниясы Қазақстанда мұнай өндіруді көздеп отыр