Жаңалықтар

АҚШ-тың Иранмен қақтығысқа жұмсаған шығыны белгілі болды

АҚШ-тың Иранмен қақтығысқа жұмсаған шығыны белгілі болды
АҚШ-тың Иранмен қақтығысқа жұмсаған шығыны белгілі болды \ фото: shutterstock

АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранмен қақтығыс аяқталған соң «жеңіске жеткенін» мәлімдеді. Алайда сарапшылар бұл қақтығыстың АҚШ үшін зардабы ондаған миллиард долларға бағаланып отырғанын айтады.

Келісімге қол қойылып, келіссөзді жалғастыруға уағдаласқан соң, АҚШ пен Иран арасындағы текетірес уақытша тоқтады. Трамп бұл қақтығыстан АҚШ-тың жеңімпаз болып шыққанын жариялады.

«Мұнай нарыққа шығып жатыр, Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмайды, қор нарықтары өсуде, жұмыс орындарының саны рекордтық деңгейге жетті, ал баға төмендеп жатыр», – деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында.

Дегенмен, CNN жүргізген талдау бұл қақтығыстың Америка экономикасына тигізген салдары әлдеқайда күрделі екенін көрсетті.

40 миллиард доллар шығын

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) мәліметінше, Пентагонның соғысқа жұмсаған тікелей шығыны шамамен 40 миллиард долларға жеткен. Бұл соманың басым бөлігі оқ-дәріге жұмсалды.

«Әскерилер ұзақ қашықтыққа ұшатын, жоғары дәлдіктегі және өте қымбат қару-жарақты белсенді қолданды», – деді CSIS аға кеңесшісі Марк Кансиан CNN-ге берген түсініктемесінде.

Қақтығыс салдарынан Американың қару-жарақ қорына «айтарлықтай салмақ түскені» айтылды. Соның кесірінен билік жаңа зымырандар мен оқ-дәрі өндірісін жеделдетуге мәжбүр болған.

Бензин қымбаттап, мұнай қоры азайды

Қақтығыс жанармай бағасының өсуіне де түрткі болды. Әскери қимылдар кезінде АҚШ-тағы бензиннің орташа бағасы бір галлон үшін 4 доллардан асып кеткен, соғысқа дейін 3 доллардан төмен болған.

Сонымен қатар, елдің стратегиялық мұнай резерві де азайып кетті. CNN атап өткендей, қазіргі уақытта мұнай қоры 1983 жылдан бергі ең төменгі деңгейде тұр.

Инфляция өсіп, Трамптың рейтингі төмендеді

Тағы бір зардап – инфляцияның күшеюі. АҚШ-тағы жылдық баға өсімі соңғы үш жылда алғаш рет 4%-дан асты.

«Қазіргі уақытта бағаның өсу қарқыны америкалықтардың соңғы бір жылдағы жалақы өсімінен асып түсті», – деп жазады CNN.

Қор нарығы алғашқы құлдыраудан кейін қайта қалпына келгенімен, Трамптың халық арасындағы рейтингі төмен күйде қалды. CNN сауалнамасына сәйкес, қазіргі таңда президенттің саясатын америкалықтардың тек 37%-ға жуығы ғана қолдайды.

Айта кетейік, АҚШ пен Иран алдағы 60 күн ішінде түпкілікті келісімге келуге арналған жол картасын мақұлдады.