Lifestyle

Бауыржан Ибрагимовтың Туканы «қыз зорлады» деген айыптан құтқарғаны сынға ұшырады

фото: instagram.com/ibragimov_baurzhan_official  бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев
фото: instagram.com/ibragimov_baurzhan_official бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Белгілі журналист Ораз Әлімбек актер Бауыржан Ибрагимовтың әзілкеш Нұржан Төлендиевті «қыз зорлады» деген айыптан құтқарғанын ашық мойындауын сынады.

Бұған әлеуметтік желілерде тараған Бауыржан Ибрагимовтың сұхбатының үзіндісі түрткі болып отыр. Онда Бауыржан Нұржан Төлендиевке («Тука») қыз зорлады деген айыптан құтылуға көмектескенін айтқан. Бауыржан Ибрагимовтың айтуынша, бір қыз құқық қорғау органдарына арыз жазған. Бұған актердің өзі араласып, таныстары мен беделін пайдаланып мәселені шешуге көмектескен. Тіпті қызды арызынан бас тартуға көндіру үшін бірнеше күн қонақүйде ұстағанын, соңында 15 мың доллар берілгенін де жасырмай айтқан.

«Зорлық жасаған адамды жауапкершіліктен құтқарып қалу мақтаныш па? Қазір қоғам өзгерген. Бұрынғыдай көп нәрсеге көз жұма қарамайды. Әсіресе, зорлық-зомбылыққа. Кезінде еленбей қалып қоятын оқиғалар бүгінде қоғам талқысына түседі. Себебі адамдардың құндылығы, түсінігі өзгерді», – деп жазды журналист.

Ораз Әлімбековтің пікірінше, Ибрагимов мұның бәрін қылмысқа араласқан адам емес, керісінше біреуге жақсылық жасаған адам секілді баяндайды.

«Зорлау туралы арызды «келісіммен жаптыру», жәбірленушіні райынан қайтару немесе ықпалды адамдардың араласуымен мәселені шешу қалыпты жағдай болмауға тиіс. Себебі бүгінгі Қазақстанда бедел мен таныстық заңнан биік тұрмауы керек деген түсінік күшейіп келеді. Қоғам өзгерді. Енді «досқа көмектестім» деген уәждің өзі бәрін ақтап алмайды», – деп жазды журналист.

Былтыр Orda тобын «Бауыржан шоудың» бандиттерінен Назарбаевтың өзі құтқарып қалғаны белгілі болды.