
22 маусымда әлемдік нарықта алтын бағасы қымбаттады. Бұған Тегеран мен Вашингтон арасындағы бейбіт келіссөздің жалғасуы және соның салдарынан мұнай бағасының төмендеуі себеп болды. Дегенмен, Reuters басылымының жазуынша, АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемені көтереді деген болжам қымбат металдардың бұдан да жоғары өсуін тежеп тұр.
Нарықтағы алтынның спот бағасы 1,14%-ға өсіп, бір трой унциясы үшін 4.207,26 долларды құрады.
Америка Құрама Штаттары мен Иранның ресми өкілдері Швейцарияда өткен келіссөздердің алғашқы кезеңінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Дегенмен, Ливан мен Ормуз бұғазы төңірегіндегі саяси шиеленіс әлі де сақталып отыр.
Бұл уақытта инвесторлардың назары АҚШ Федералды резерв жүйесінің басшысы Кевин Уорштың мәлімдемесіне ауды. Ол пайыздық мөлшерлемені өсірудің нақты шарттарын ашып айтпағанымен, негізгі екпінді инфляция мәселесіне жасады. Бұл нарық қатысушыларына «жақын арада мөлшерлеме жоғарылайды» деген анық белгі ретінде әсер етті.
CME FedWatch Tool сараптамалық құралының мәліметінше, аталған отырысқа дейін нарықта мөлшерлеме желтоқсан айында өседі деген сенім 61%-ды құраса, қазір бұл көрсеткіш бірден 89%-ға дейін көтерілді. Инвесторлар қазірдің өзінде өз позицияларын осы болжамға сай бейімдеп жатыр.
Алтынмен қатар өзге де бағалы металдардың да бағасы қымбаттады:
- Палладий бағасы 1,64%-ға қымбаттап, унциясына 1.278,75 долларға жетті.
- Күміс құны 2,17%-ға артып, 66,31 долларды құрады.
- Платина бағасы да 1,06%-ға өсіп, 1.681,75 доллар деңгейінде тұрақтады.
Швейцариядағы күрделі келіссөз нәтижемінде АҚШ пен Иран 60 күндік жол картасына жүзеге асыруға келісті.