Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда Samsung-тан да қымбат компания пайда болды

Оңтүсік Кореяда Samsung-ты басып озған ең қымбат компания пайда болды
Оңтүстік Кореядағы қамбат компания/ коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Оңтүстік кореялық чип өндіруші SK Hynix компаниясы соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет Samsung Electronics-ті басып озып, елдегі ең қымбат компанияға айналды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, дүйсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша SK Hynix акциялары 5,6%-ға өсіп, компанияның нарықтағы құны 2 080,4 триллион вонға (шамамен 1,35 триллион доллар) жетті. Ал Samsung Electronics қағаздары 0,14%-ға арзандап, компанияның құны 2 066,7 триллион вонды құрады.

SK Hynix-тің мұндай қарқынды өсуі жасанды интеллект саласындағы серпіліспен байланысты. Компания Nvidia және Google сияқты ірі технологиялық алпауыттардың ЖИ жүйелерінде қолданылатын жоғары жылдамдықты HBM жады нарығында көш бастап тұр. Жыл басынан бері өндірушінің акциялары 340%-дан астам өсті.

Жасанды интеллект нарықты қалай өзгертті

Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллектің дамуы жартылай өткізгіштер нарығын түбегейлі өзгертті. Егер бұған дейін жад карталары жаппай шығарылатын қарапайым өнім саналып келсе, бүгінде арнайы HBM чиптері заманауи ЖИ модельдері мен дата-орталықтардың жұмысын қамтамасыз ететін негізгі элементке айналды.

Талдаушылардың мәліметінше, 2025 жылы SK Hynix әлемдік HBM нарығының шамамен 61%-ын бақылап, Samsung пен америкалық Micron компанияларын артта қалдырды.

Банкроттықтан көшбасшылыққа дейін

SK Hynix компаниясы 2000-жылдардың басында өндіруші қарыздарының кесірінен банкроттық алдында тұрды. Бірнеше жыл бойы несие берушілердің бақылауында болды. Алайда компания стратегияны өзгертіп, болашағы зор технологияларға бәс тігудің арқасында Оңтүстік Кореяның корпоративтік тарихындағы ең таңғажайып бетбұрыстардың бірін жасады.

Сарапшылар алдағы жылдары SK Hynix DRAM жадын өндіру көлемі бойынша да Samsung-пен арадағы алшақтықты айтарлықтай қысқартуы мүмкін деп есептейді.

Бұдан бөлек, компания америкалық Nasdaq биржасына шығу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл инвесторлар аясын кеңейтуге және жаһандық нарықтағы позициясын нығайтуға жол ашпақ.