Жаңалықтар

Қазақстан Ауғанстан аумағынан хром іздейді

Фото: kursiv.media архиві

Қазақстандық ERG компаниясы Ауғанстанда хром кен орындарын барлап, дамытуға қатысады.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Кабулға барып, Ауғанстан басшылығымен маңызды келіссөздер жүргізді. Бұл соңғы төрт жылдағы алғашқы жоғары деңгейдегі кездесу.

Қазақстан Орталық Азиядағы металлургия өнеркәсібінің негізгі орталығы саналады. Енді отандық алып компаниялар Ауғанстанның бай табиғи ресурстарын игеруге атсалыспақ.

Хром кенінің әлемдік қоры бойынша көшбасшы және феррохром өндіруден алдыңғы қатардағы ERG компаниясы Ауғанстандағы хром кен орындарын барлап, дамытуға қатысады.

Ал «Тау-Кен Самұрық» мамандары Бамиан провинциясындағы «Пами-Какрак» кен орнынан сынамалар алған. «Қазмырыш» сарапшылары бұл кенді Қазақстан зауыттарында өңдеуге әбден болатынын растады. Қазақстан тарапы Ауғанстаннан мырыш кенін жеткізуге мүдделі.

Инфрақұрылымды дамытады

Қазақстан «Хафт – Герат» теміржол учаскесінің құрылысын аяқтап қалды.

Еліміз Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарына айына 10 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін «Central Asia – South Asia» (CASA) көлік дәлізін қолдайды.

Өзбекстан және Түркіменстан серіктестерімен бірге Мазари-Шариф және Тургунди арқылы Гератқа қарай теміржол салуға қатысуға дайын екенін білдірді.

Ауған жеміс-жидегі ірі сауда желілерінде сатылады

Сауда-саттық саласында да үлкен жаңалық бар. Қазақстан өңірде бірінші болып Ауғанстан өнімдерін өз нарығына тікелей шығару механизмін ұсынды.

Ауғанстанның анары, жүзімі, өрігі, алшасы, қарбызы, қауыны, ерте пісетін көкөністері мен жаңғақтары Қазақстандағы ең ірі «Small» және «Magnum» сауда желілерінде сатыла бастайды.

Өз кезегінде Қазақстан Ауғанстанға, соның ішінде Герат қаласына ұн жеткізу көлемін арттырмақ.

Өткен демалыста Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация гуманитарлық және іскерлік миссиямен Ауғанстанға барған. Елге жалпы салмағы 318,8 тонна болатын гуманитарлық жүк жеткізілген.