
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews-ке мақаласы жарияланды. Онда мемлекет басшысы Еуропалық Одақпен ынтымақтастық, экономикалық серіктестік және көлік бағыттарын дамытуға ерекше тоқталған.
«Қазір Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық бұрынғыдан да маңызды», -деп жазды президент.
Үш стратегиялық мақсат
Тоқаев болашаққа арналған үш негізгі мақсатты айқындады: тұрақтылықты нығайту, барлық саладағы өзара байланысты кеңейту және азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу.
«Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың келесі кезеңі екі тарап үшін де үш негізгі стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге бағытталуға тиіс», – деп атап өтті Тоқаев.
Айтуынша, ескі геосаяси тәсілдер қазір жұмыс істемейді, сондықтан әріптестік өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделуі қажет.
Қазақстан экономикасы
Мемлекет басшысы ел экономикасына да тоқталған. 2025 жылы экономика 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 306 миллиард долларға жеткен. Ал Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2026 жылы бұл көрсеткіш 360 миллиард доллардан асады.
Сондай-ақ Қазақстанның Еуразиядағы сенімді әрі ықпалды елге айналып келе жатқанын айтты.
Энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі
Президент энергетика саласын өзара сенімнің айқын үлгісі деп атады. Қазір Қазақстан Еуропалық Одаққа импортталатын мұнай мен мұнай өнімдерінің шамамен 13 пайызын және табиғи уран жеткізілімінің 16 пайызын қамтамасыз етеді.
«Энергетикалық қауіпсіздік – өзара сенім, орнықтылық және әлем тұрақсызданып жатқан жағдайда да міндеттемелерді орындауға қабілетті екеніміздің жарқын көрінісі», – делінген мақалада.
Тоқаев осы тәсілді ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларына да қолдануды ұсынды. Қазақстан – астық экспорттаушы ірі елдердің бірі және жеткізілім көлемін арттыруға дайын. Ал Еуропа терең өңдеу саласына технологиялар мен инвестициялар ұсына алады.
Көлік байланысы
Президент көлік бағыттарын дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орта дәлізді белсенді түрде дамытып жатыр. Бұл жоба Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен үйлеседі.
Айтуынша, дәліздің басты артықшылығы – нарықтарды біріктіру, инвестициялар тарту және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашу.
Технологиялар мен инновациялар
Президент жаңа технологиялар саласындағы бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.
«Жасанды интеллект, цифрлық басқару, инновациялық экожүйелер және сенімді технологиялар экономикалық бәсекеге қабілеттілік пен ұлттық тұрақтылықтың негізгі факторына айналып келеді», – деді Тоқаев.
Қазақстан цифрландырудың қауіпсіз әрі халыққа пайдалы болуын қамтамасыз ету үшін еуропалық компаниялармен белсенді ынтымақтастық орнатуға ниетті.
Бұған дейін Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы виза тәртібін жеңілдету туралы келіссөздер мәресіне жетті.