Жаңалықтар

Талғат Байсуфинов ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті

Талғат Байсуфинов ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті
Ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті/ фото: kazfootball.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кетті. Бұл туралы ҚФФ баспасөз қызметі мәлімдеді.

57 жастағы отандық маман өз еркімен отставкаға кетуге өтініш білдірген. Қазақстан футбол федерациясы осыған байланысты ресми мәлімдеме жасап, бапкердің шешіміне құрметпен қарайтынын жеткізді.

«Талғат Байсуфинов құраманы басқарған уақыт ішінде өзінің бапкерлік карьерасындағы ең үздік нәтижені көрсетті. Соның ішінде Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өз алаңымызда Бельгиямен тең түскен ойынды ерекше атап өтуге болады. Оның жетекшілігімен команда өз күшіне деген сенімділікті қайтарып, ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартты», – делінген мәлімдемеде.

ҚФФ Талғат Маруаұлының кәсібилігіне, ісіне деген адалдығына және Қазақстан ұлттық құрамасының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы кәсіби қызметіне сәттілік тіледі.

«Бапкерлер штабын жасақтау бойынша алдағы қадамдар туралы қосымша хабарланады. Ұлттық құраманың алдағы матчтарға дайындығы қалыпты күйде жалғасады», – деп хабарлады ҚФФ.

Айта кетейік, Талғат Байсуфинов 2016-2017 және 2020-2022 жылдар аралығында ұлттық құраманың бас бапкері болған. 2025 жылдың қазанынан бастап бас бапкер міндетін атқарушы болды. Ал 2026 жылдың қаңтар айында ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне тағайындалды.