
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті вейптерді есірткі тәрізді сатқан қылмыстық топтың қызметін әшкереледі. Олар вейптерден бөлек хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз сатумен айналысқан.
Агенттік мәліметінше, өнімдер әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендер арқылы сатылған. Курьер жеткізіп тұрған.
«Схеманы жасыру үшін күдіктілер дропперлердің қызметін пайдаланған. Ақша солардың шоттары арқылы қабылданып, қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған», – деп жазылған агенттік ақпаратында.
Тергеу нұсқасы бойынша, заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 221 миллион теңгеден асып жығылған.
Сот санкциясымен күдіктілердің пәтері мен автокөлігіне тыйым салынды. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы қамауға алынды.
Жыл басынан бері агенттік вейптерді заңсыз сатуға қатысты 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастаған. Заңсыз айналымнан 717 мың дана өнім тәркіленген.
Мұның алдында тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топтың Павлодар облысы мен Алматы қаласында вейптерді заңсыз айналымға шығарғаны анықталған еді.