Жаңалықтар

Үкімет үй кезегін қысқарту үшін Ұлттық қор қаржысын пайдаланудан бас тартты

Үкімет баспана кезегін азайтуға Ұлттық қор қаржысын жұмсамайды / Фото:  shutterstock

Қазақстанда мемлекеттік баспана кезегінде тұрғандар саны 937 мың адамға жетті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.

Кезек неге күрт өсті

2025 жылдың 24 мамырына дейін тұрғын үй кезегіне тек азаматтардың жекелеген санаттары ғана тұра алатын. Олардың қатарында әскери қызметшілер мен әлеуметтік тұрғыдан осал топтар болды.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістерден кейін соңғы бес жыл ішінде меншігінде баспанасы жоқ барлық кәмелетке толған қазақстандыққа кезекке тұру құқығы берілді», – делінген хабарламада.

Соның нәтижесінде кезекте тұрғандар саны күрт артты. Үкімет бұл жағдайды «уақытша қысымның әсері» деп атап, оны тұрғын үй саласындағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған қадам деп түсіндірді.

Неге Ұлттық қор көмектеспейді

Депутаттар тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы Ұлттық қор қаражатын тартуды ұсынған еді. Алайда Үкімет бұл ұсынысты қолдамады.

Біріншіден, заңнама Ұлттық қордан заңды тұлғаларға несие беруге тыйым салады. Тек жалпыұлттық маңызы бар жобаларға Президенттің арнайы шешімі болған жағдайда ғана мүмкін.

Екіншіден, Ұлттық қор бұған дейін де «Қазақстандық тұрғын үй компаниясына» (ҚТК) және «Бәйтерек» холдингіне 2014-2016 жылдары жылдық 0,1% мөлшерлемемен 490 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берген. Бұл қаражат әлі күнге дейін қайтарылмаған. Оны жоспарлы түрде өтеу тек 2034 жылы басталады.

Бектеновтің жауабында «Осы мақсаттарға Ұлттық қордан қаражатты қайта бөлу тиімсіз» деп нақты көрсетілген.

Сонымен қатар Үкімет Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу міндетін қойып отыр. Осыған байланысты қордың резервтерін тұрғын үй саласына жұмсау қазіргі жағдайда тиімсіз деп есептеледі.

Үкімет ұсынысы қандай

Өңірлерге бұл мәселені ішкі нарықтан қарыз алу арқылы өз бетінше шешу ұсынылды. Жергілікті атқарушы органдардың қарыз алу лимиті 7,2 трлн теңге деңгейінде белгіленген. Ал әкімдіктер инфрақұрылым мен тұрғын үй жобаларын қаржыландыру үшін өз кепілдіктері арқылы бағалы қағаздар шығаруға құқылы.

Қазір тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін де бірқатар қолдау шаралары жұмыс істейді. Атап айтқанда, табысы төмен азаматтарға жеке сектордағы жалдау ақысының 50%-ын субсидиялау, әлеуметтік осал топтарға арналған 7%-дан басталатын «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бар. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар адамдарға, жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға арналған «2-10-20» бағдарламасы, сондай-ақ алғашқы жарнаға 1,5 млн теңгеге дейін берілетін тұрғын үй сертификаттары қарастырылған.

Сонымен қатар мемлекеттік пәтерлердің 70%-ы ең мұқтаж азаматтарға бөлінеді.

Еске салсақ, Алматыда ипотекаға пәтер алу бұрынғыдан да қиындай түсті. Қазір коммерциялық ипотеканың мөлшерлемесі жылына 22–24% деңгейінде. Мұндай мөлшерлемемен несие рәсімдеуді көп отбасының қалтасы көтермейді.