
Алматы облысы, Талғар қаласында белсенді Айман Жарылқасымова пикетке шықты. Осы әрекет арқылы ол қаладағы ауызсу мәселесіне назар аударғысы келген. Бірақ пикет басталмай жатып оны ұстап әкетті деп жазады Hronika.kz
Айманның сөзінше, қала тұрғындары 18 жылдан бері таза суға қол жеткізе алмай келеді.
«Біз су мәселесін айтсақ, «сабыр, сабырға келіңіздер» дейді. Жылдар бойы осы сөзбен тыныштандырып келеді. Мен осы мәселені 2008-жылдан бері көтеріп келемін. Билік жыл сайын Талғарға таза су келеді, жаңа құбырлар салынады деп уәде береді. Түрлі жобалар болды, қыруар қаржы бөлінді, бірақ нәтиже жоқ. Міне, 2026 жыл келді, жағдай одан әрі ушығып кетті. Бізде бір-ақ сұрақ бар. Миллиардтаған жобаның нәтижесі қайда? Талғарға қашан таза су келеді», – дейді Айман Жарылқасымова.
Оның сөзінше, пикетке шығатыны туралы әкімдікке ескерту жіберген. Әкімдік 23 маусымда «Жеңіс» саябағында пикет өткізуге келісім де берген. Бірақ тура осы күні, акциясын бастауға бір сағат қалғанда тыйым салатыны туралы хабарлама келген. Әкімдік мұны «Жеңіс» саябағында басқа шара өтеді деп түсіндірген.
Оған қарамастан Айман Жарылқасымова саябаққа барып, алдын ала дайындаған плакатын ұстап шықты. Осыдан кейін оны полиция қызметкерлері белгісіз бағытқа алып кетті.
Бұл іске қатысты Kursiv.Media полиция департаментіне және әкімдікке сауал жіберді.
Су мәселесі – Талғардағы басты проблемалардың бірі. Былтыр Талғар қаласы маңында орналасқан саяжайлар мен шаруа қожалықтары қазіргі аптап ыстықта суармалы сусыз қалғанын жазған едік. Әкімдік дерегінше, Талғардағы каналдың жөндеу жұмысына 35 млн теңге бөлінге, бірақ іс жүзінде жүзеге аспаған.