
Қазақстан «Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолын қайта жаңартуға ЕҚДБ-дан 229,5 млрд теңге тартты. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ мәлімдеді.
ҚазАвтоЖол Еуропалық қайта құру және даму банкімен республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын қайта жаңарту жобасын іске асыру туралы келісім жасасты.
ЕҚДБ-дан тартылған қарыз сомасы 229,5 млрд теңгені құрайды. Құжатқа ұлттық компания атынан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев қол қойды.
Жоба аясында автомобиль жолының 763-791 және 819-1025 шақырым аралығындағы 234 шақырым учаскені қайта жаңарту көзделген. Жол I техникалық санатқа ауыстырылып, төрт жолақты қозғалыс, асфальтбетон жабыны және сағатына 120 шақырымға дейінгі есептік жылдамдық қамтамасыз етіледі.
Есептеулерге сәйкес, жаңғыратын учаскеден өту уақыты 1,4 сағатқа дейін қысқарады.
Қайта жаңаратын учаске «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық бағытының құрамына кіреді. Бұл бағыт Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы маңызды көлік байланысын қамтамасыз етеді.
«Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісімге қол қою – елдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірін іске асырудағы маңызды қадам. Бұл тек жолды қайта жаңарту ғана емес, Қазақстанның транзиттік әлеуетіне, жол қозғалысы қауіпсіздігіне, Ақтөбе облысының дамуына және еліміздің Еуразиядағы негізгі көлік торабы ретіндегі рөлін нығайтуға салынған инвестиция», – деп атап өтті ұлттық компания басшысы Дархан Иманашев.
Жобаның жалпы құны 523 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының – Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қатысуымен жүзеге асырылады.
Сонымен қатар жобаны іске асыру құрылыс кезеңінде 3 007 жұмыс орнын және жол пайдалануға берілгеннен кейін 124 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2025 жылы елде 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып жөнделген. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым.
Стратегиялық тұрғыдан маңызды күрежолдар қатарында Орталық – Батыс автомагистралы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор учаскелері бар.