Жаңалықтар

Астанада 13 қабатты тұрғын үй өртенді

Астана қаласында 13 қабатты тұрғын үй өртенді
Биік ғимараттарың жоғары қабаттарының біріндегі балкон өртенген / фото: ТЖМ

23 маусым, сейсенбі күні Астана қаласында 13 қабатты тұрғын үй өртенді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт Байқоңыр ауданындағы Отырар көшесінде орналасқан биік тұрғын үйден шыққан. Өрт сөндірушілер бригадасы тілсіз жаумен алысып жүр.

Түскі сағат 12:09-да өрт оқшауланғаны хабарланды. Жедел қабылданған шаралардың арқасында ашық жалын сөндірілді.

Астана қаласында 13 қабатты тұрғын үй өртенді
Өрт сөндірушілер бригадасы / фото: ТЖМ

Мәліметтерге қарағанда, оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте техникалық қабаттағы балкон өртеніп жатқанын көрген.

Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Бір күн бұрын «Қазгидромет» бірнеше өңірде 42 градусқа дейін аптап ыстық болатынын, өрт қаупі жоғары екенін ескерткен.