Жаңалықтар

Брюссельде «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі өтіп, маңызды келісімдер жасалды

Брюссельде «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі өтіп, маңызды келісімдер жасалды / Фото: Ақорда

Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық сипатын атап өтті.

Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асқан. Бұған қоса, Қазақстан шет елден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр.

Президент бұл сапар аясында жалпы сомасы 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын мәлімдеді. Бұл екіжақты серіктестіктің нақты іс-әрекетке ұласқанын көрсетеді.

Қазақстан экономикасы орнықты дамып келеді: былтыр ел экономикасының өсімі 6,5 пайызды құрап, ішкі жалпы өнім көлемі 305 миллиард доллардан асты. Ал биыл бұл көрсеткіш 360 миллиард долларға жетеді деп болжануда.

Елімізде инвесторларға қолайлы орта жасау үшін ауқымды реформалар жүргізілуде. Қазіргі таңда «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және халықаралық инвесторларға жеңілдіктер беретін Altyn Visa бағдарламасы іске қосылған.

Қазақстан Еуропаны Орталық Азиямен, Қытаймен және Таяу Шығыспен байланыстыратын өңірлік логистикалық хабқа айналуды көздейді. Осы мақсатта соңғы 15 жылда көлік және логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы салынды.

Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) бойынша жүк тасымалы соңғы алты жылда 5 есе өсіп, 4,1 миллион тоннаға жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Жиын барысында логистикалық инфрақұрылым саласында құны шамамен 1 миллиард доллар болатын жаңа келісімге қол қойылды. Сәтті мәмілеге Қазақстан даму банкі, Еуропалық инвестициялық банк және халықаралық банктер синдикаты атсалысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ЕО үшін аса маңызды 34 минералдың 21-ін қамтамасыз етуге әзір екенін жеткізді. Еліміз еуропалық серіктестерге өте прагматикалық формула ұсынып отыр: стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті заманауи инвестиция мен технологияға айырбастау.

Сонымен қатар Қазақстан Еуропаны қуат көздерімен қамтамасыз ететін сенімді серіктес болып қала береді. Былтыр Еуропа нарығына тасымалданған шикі мұнайдың 13 пайызы Қазақстанға тиесілі болды, сондай-ақ еліміз әлемдік уран сұранысының 40 пайызға жуығын өтеп отыр.