Жаңалықтар

Лионель Месси әлем чемпионатының тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды

Аргентина, Австрия, Лионель Месси, футбол, чемпионат мира
Месси рекорд орнатты / фото: FIFA

Аргентина құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Лионель Месси футболдан әлем чемпионаттары тарихында соғылған голдар саны бойынша жеке дара рекорд орнатты.

22 маусым, дүйсенбі күні Аргентина құрамасы «J» тобының екінші турында Аустрия командасына қарсы матч өткізді. Кездесу 2:0 есебімен аргентиналықтардың пайдасына аяқталды.

Рекордтық гол және мүлт кеткен пенальти

Матчтың 9-шы минутында Аустрия қақпасына VAR жүйесінің көмегімен пенальти белгіленген болатын. Шабуылшы Лаутаро Мартинеске қарсы жасалған фол үшін берілген 11 метрлік айып соққысын Лионель Месси орындай алмады, доп қақпадан қиыс кетті. Осылайша Месси 2026 жылғы әлем чемпионатында пенальтиден мүлт кеткен алғашқы футболшы болды. Бұл – оның әлем біріншіліктерінде орындаған 7 пенальтиінің ішіндегі үшінші сәтсіз соққысы.

Дегенмен капитан өз қателігін тез түзеді. Матчтың 38-ші минутында Месси шабуылға белсене араласып, қорғаушы Факундо Мединаның берген пасын айып алаңының сызығынан бір жанасумен, шиіре соғып қақпаға дәл бағыттады.

Мирослав Клозенің рекорды жаңарды

Бұл гол Мессидің биылғы турнирдегі төртінші, ал өзі қатысқан алты әлем чемпионатындағы 17-ші голы болды. Осы көрсеткіштің арқасында 38 жастағы шабуылшы 16 голмен көш бастап тұрған германиялық аңызға айналған шабуылшы Мирослав Клозені басып озып, абсолютті рекорд орнатты.

Матчтың соңына қарай, екінші таймға қосылған қосымша уақытта Месси дубль авторы атанып, есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша, оның әлем чемпионаттарындағы голдар саны 18ге жетті.

Еске сала кетейік, алғашқы ойында Месси Алжирдің қақпасына үш бірдей гол соққан еді.