Экономика

МосБиржа индексі қызыл аймақта: рубль, санкция және бюджет қысымы

Мосбиржа құлдырады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нарық қайтадан қызыл аймаққа өтті. 22 маусымда Мәскеу биржасының индексі 5%-ға құлдырап, 2023 жылғы наурыздан бергі ең төменгі деңгейге жақындады. Ресей қор нарығындағы төмендеу төртінші ай қатарынан жалғасып келеді.

Фото: TradingView

Экономист Арман Батаевтың пікірінше, Ресей акцияларына бірден бірнеше фактор қысым жасап отыр. Геосаяси ахуалдың нашарлауы, энергетика инфрақұрылымына жасалған соққылар мен жаңа санкциялар нарыққа теріс әсер етті. Бұған қоса, 19 маусымдағы Ресей Банкінің отырысы да инвесторлардың көңілінен шыққан жоқ.

Ресей Орталық банкінің директорлар кеңесі негізгі мөлшерлемені қатарынан тоғызыншы рет төмендетті. Бірақ нарық күткеннен әлдеқайда баяу – бар болғаны 0,25 пайыздық тармаққа түсіріп, 14,25% деңгейіне жеткізді. Бұл шешім инвесторлар үшін тым сақ қадам болып көрінді.

Реттеушінің мұндай ұстамды әрекеті проинфляциялық тәуекелдердің күшеюімен байланысты. Ресей Орталық банкінің басшысы Эльвира Набиуллинаның айтуынша, алдағы үш жылда бюджет саясаты бұрын болжанғаннан да ынталандырушы сипатта болады. Оның ақша ұсынысының өсуіне ықпалы әлі де жоғары. Егер осы жағдайда кредит беру қарқыны қатты өссе, Ресей Банкіне базалық сценарийде көрсетілгеннен де қатаң ақша-несие саясатын жүргізуге тура келуі мүмкін.

Тағы бір маңызды фактор – бюджет тапшылығы. 2026 жылдың алғашқы бес айында Ресейдің федералды бюджет тапшылығы 6 трлн рубльге немесе ЖІӨ-нің 2,6%-ына жетті.

Ресей Қазақстанға тауар жеткізетін ең ірі ел болып қала береді. Сондықтан Ресей экономикасындағы жағдайдың нашарлауы Қазақстандағы бағаға, логистикаға және ішкі нарықтағы бәсекеге әсер етуі мүмкін.

Рубльдің әлсіреуі, бір жағынан, ресейлік импортты арзандатып, қазақстандық өндірушілерге қысымды күшейтеді. Екінші жағынан, Ресейдегі отын, санкциялар және бюджетке қатысты проблемалар шығындарды көбейтіп, бүкіл өңір үшін қосымша инфляциялық тәуекел тудыруы ықтимал.

Қазақстан Ұлттық банкі үшін бұл – сақ болуға итермелейтін тағы бір сыртқы фактор. Елде инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде қалып отыр, ал сыртқы орта ақша-несие саясатын тез жұмсартуға жеткілікті дәрежеде тұрақты көрінбейді.

Тағы да оқыңыз: Иран мұнайы нарыққа орала ма: Brent бағасы төмендей бастады.