
Қырғызстанның алғашқы президенті Асқар Ақаев Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақында ғана кездескенін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның бірінші президентінің қал-жағдайы керемет.
Қазақстандық журналист Асхат Ниязов Ыстықкөлде Асқар Ақаевпен тілдескенін әлеуметтік желіде жария етті.
Қырғызстанның бұрынғы президенті еліне еркін келіп кететінін, шекарада ешқандай қиындық тумайтынын айтты. Сөзіне қарағанда, ешқандай күзетсіз, қызымен бірге жүр.
Ол бұрынғы құдасы –Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақында ғана жолыққанын жасырмады. Екеуінің арасында қарым-қатынасты бір сөзбен «керемет» деп бағалады.
«Мен бірге жұмыс істеген адамдармен ең жақсы қарым-қатынастамын. Мен қазір бұл тақырыпта сөйлей алмаймын. Мен оған (Назарбаевқа) соңғы отыз жыл бойы құрметпен қараймын. Оның жағдайы өте жақсы», – деді Асқар Ақаев.
Айтуынша, ол қазір Мәскеуде тұрып жатыр. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінде жұмыс істейді.
«Мен математика профессорымын. Оқу-ағарту және ғылыми қызмет атқарамын. Аспиранттар мен докторанттарды дайындаймын. Зерттеумен айналысып, ғылыми еңбектер шығарамын», – деді Асқар Ақаев.
Бұл Асқар Ақаевтың Ыстықкөлге араға 22 екі жыл салып келіп тұрған беті екен. Ал Қырғызстанға 4 жыл бұрын келіп-кеткен көрінеді.
Ақаев 2005 жылғы 24 наурыздағы «Қызғалдақ төңкерісі» кезінде елден кетті. Ал 2019 жылғы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен 2019 жылғы 20 наурыздан бастап Қазақстан Президенті өкілеттігін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Назарбаев қызметінен кеткеннен кейін де Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Конституциялық Кеңесінің мүшесі және «Нұр Отан» партиясының төрағасы болды. «Қаңтар оқиғасынан» кейін бұл лауазымдарынан айырылды.