
Абай университеті Қазақстанның балабақшалары мен мектептерінде үлкен сұранысқа ие болып отырған әйгілі Мария Монтессори әдістемесін ғылыми негізде дамытуды қолға алмақ. Осы мақсатта отандық жоғары оқу орны Италияның Перуджа қаласындағы тұңғыш Халықаралық Мария Монтессори орталығымен серіктестік туралы келісімге қол қойды.
Бұл құжат аясында елімізде алғаш рет Монтессори ғылыми-зерттеу зертханасы ашылады. Сонымен қатар Абай университетінің базасында болашақ тәрбиешілер мен мұғалімдерді халықаралық деңгейде оқытып, оларға арнайы сертификат беретін ұлттық орталық құрылады. Қазіргі таңда бұл әдістеме Қазақстанның 11 қаласындағы 40-тан астам балабақша мен орталықта қолданылып жатқанымен, оны заманауи ғылыммен ұштастырып, кәсіби мамандар даярлайтын отандық академиялық база жетіспейтін еді. Енді италиялық сарапшылармен бірлесіп әзірленетін бағдарламалар олқылықтың орнын толтырып, еліміздегі инклюзивті білім беруді дамытуға жаңа серпін бермек.
Келіссөздер барысында студенттерді халықаралық стандарт бойынша оқытумен қатар, баланың ерте дамуы, нейропедагогика және қазіргі заманғы білім беру технологиялары бағытында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланды.
Тіпті қазақстандық тарап италиялықтардың егде жастағы адамдарды қолдауға және олармен жұмыс істеуге арналған Silver Agri жобаларына да қызығушылық танытып отыр.
Тағы да оқыңыз: Алғаш рет Жасанды интеллект мамандары «Болашақ» бағдарламасына қол жеткізді