Жаңалықтар

Қырғызстанда көшеде бірін-бірі көлікпен қуып, атысқан 22 адам ұсталды

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Қырғызстанның Тоқмақ қаласында жастар арасындағы жаппай төбелес атыспен аяқталды. Олар көшеде көлікпен бірін-бірі қуып атысқан.

24 kg ақпаратына қарағанда, оқиға кеше, 22 маусым күні болған. Тоқмақ қаласындағы «Гавайи» демалыс орталығының аумағында бір топ жастардың арасында жанжал болып, соңы атысқа ұласқан. 22 күдікті ұсталған.

Шу облыстық ІІБ мәліметінше, жастар өзара сөзге келіп, кикілжің басталған. Артынша жаппай төбелес болған. Одан соң оқиғаға қатысушылар бір-бірін автокөлікпен қуа бастаған.

Куәгерлердің айтуынша, қуу барысында атылған оқ дауысы естіліп, көліктерге тас лақтырылған.

Оқиға салдарынан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы зақымданып, оның терезелері мен бүйірлік айналары сынған.

Аталған факті бойынша «Бұзақылық» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында бес автокөлік тәркіленді.

Бұған дейін Техастағы атыстан бір адам қаза тауып, он адам жарақат алған еді.