
Тоқаев осы күндер ресми сапармен Брюссельде жүр. Басты мақсаты – Еуропа жетекшілерімен кездесу. Euronews жазуынша, күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Қытай мен Еуропаны Орталық Азия арқылы байланыстыратын «Орталық дәліз» маршруты. Қазақстан президенті былтыр Самарқандта өткен «ЕО – Орталық Азия» саммитінде берілген уәделердің орындалуын пысықтау үшін келді дейді еуропалық басылым.
Орталық Азия Ресейге балама ма?
Еске салайық, былтыр сәуірде Еуропалық Одақ пен Орталық Азия жетекшілері (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан) Самарқандта бас қосқан. Тараптар ынтымақтастықты, бірлескен жобаларды, инвестиция мен өзара байланысты нығайтуға уағдаласқан.
Арада бір жылдан астам уақыт өткенде, Қасым-Жомарт Тоқаев сол саммитте ЕО-ға берілген уәделердің нәтижесін бағалау үшін Брюссельге табан тіреді. Ол Самарқандтағы басқосуға қатысқан ЕО басшыларымен, Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен және Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Коштамен кездеседі.
ЕО үшін бұл шараның маңызы зор дейді еуропалық сарапшылар. Өйткені Орталық Азияның бес елі арқылы өтетін және Еуропаны Қытаймен жалғайтын көлік бағыттары – Ресейден өтетін, бірақ қазір жұмысы тоқтап тұрған маршруттарға тиімді балама болмақ.
Тағы да оқыңыз: Орталық Азия мен ЕуроОдақ: Жібек жолының жаңа дәуірі
Орталық дәліз деген қандай жоба?
Euronews хабарлауынша, президент сапарының алдында Қазақстан үкіметінің бірнеше министрі Брюссельде «Қазақстандағы бизнес мүмкіндіктерінің күндері» аясында бірнеше шара өткізді. Тоқаевтың сапарына негізгі дайындық ретінде «Орталық дәліз» жобасы таныстырылды. Аталған жоба Еуропа мен оның экономикалық жеткізу тізбегі үшін ең стратегиялық бастама болып саналады.
Орталық дәліз – ежелгі Жібек жолының заманауи нұсқасы. Ол Қытайды Қара теңіз порттарымен байланыстыратын автомобиль, теміржол және теңіз бағыттарының желісі. Жол Қытайдың шығыс жағалауындағы Ляньюньган портынан басталып, Сиань қаласындағы бас хаб арқылы өтіп, Қазақстанға кіреді. Одан әрі оңтүстікке қарай Өзбекстанға, ал батысқа қарай Каспий теңізіне тармақталады. Содан кейін теңіз жолы арқылы Әзербайжан мен Грузия порттарына жалғасып, Румыния, Венгрия және Польша хабтарымен аяқталады.
Қазіргі геосаяси жағдайда бұл – Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы үшін өте маңызды транзит жолы. Әрі Орталық дәліз Ресей арқылы өтетін Солтүстік дәлізге қарағанда шамамен 3 000 шақырымға қысқа.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Талғат Алдыбергенов «Орталық дәліз» жобасына қатысты атқарылған жұмыстарды таныстырды.
Қазақстан 2030 жылға қарай дәліз инфрақұрылымына 50 млрд доллар инвестиция салуға уәде берді, оның 40 млрд долларға жуығы игеріліп қойған. 5 000 шақырымнан астам теміржол толық жаңартылды. Нәтижесінде осыдан үш жыл бұрын Сианьнан Грузияға дейін 55 күн жүретін жүктер қазір 18 күнде жететін болды.
«Бұл – тарифтердің барынша ашықтығы мен жеңілдетілген процедураларды қамтамасыз ететін, жылдам әрі қауіпсіз көлік тасымалын ұйымдастыру секілді өте ауқымды міндет. Ол біздің экспорттаушыларымыз бен импорттаушыларымызға көмектесіп, Еуропа мен Азия арасындағы сауданы жандандыруы тиіс», – деді Талғат Алдыбергенов.
Басқосуда дәліздегі теңіз маршруты, кемелердің аздығы талқыланды. Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауды бәсеңдетіп тұрған негізгі кедергілер мен әуедегі жүк тасымалының аздығын шешу жолдарын да қарастырды. Айта кету керек, Қазақстан дәліздің Каспий секторы үшін екі қосымша кеме сатып алды, ал келесі жылдың соңына дейін тағы төртеуі жаңаланады. Сондай-ақ Ақтау портында су түбін тереңдету бойынша ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізілді.
«Әуе көлігі бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Елдегі барлық әуежайлардың ұшу-қону жолақтарын қайта құру және жаңғырту бойынша үш жылдық жоспарымыз бар. Бізде 27 әуежай бар және олардың барлығында жұмыс жүріп жатыр. Сонымен қатар жүк әуе тасымалын жолға қою үшін де белсенді жұмыс істеудеміз. Осы бизнес бағытын дамытуға ниетті барлық компаниялар үшін «жасыл дәліз» ұсынамыз», – деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Еуропалық комиссия өкілдері бұл жетістіктерді жоғары бағалады. ЕО өкілі Шарлотта Адрианның айтуынша, Орталық дәліз қағаздағы жобадан нақты шындыққа айналды. Қазір бұл бағыт Еуропа мен Орталық Азия байланысының басты тірегі болып отыр. Бүгінгі геосаяси жағдайда бұл жолдың қауіпсіз, сенімді әрі жылдам жұмыс істеуі бұрынғыдан да маңызды деді ол жиында.