Авто

ЕуроОдақ Қытайдың гибридті көліктеріне шектеу енгізбек

ЕО Қытайда өндірілген гибридтерге жаңа шектеу енгізіп жатыр / Фото: kursiv.media архиві

Еуропалық Одақ Қытайда өндірілген гибридті автомобильдерге (PHEV) қосымша кедендік баж салығын енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Германияның Handelsblatt басылымы жазды.

ЕуроОдақ бұл шараны қытайлық өндірушілердің Еуропаға гибридті көлік экспортын арттыруына байланысты қарастырып жатыр. Бұған дейін Қытайдың электр көліктеріне жоғары баж салығы енгізілген болатын.

Қазіргі тарифтер қандай

Тариф мөлшері өндірушінің мемлекеттік қолдауды қаншалықты алатынына қарай белгіленеді. Мәселен, Шанхайда өндірілетін Tesla көліктері үшін баж салығы 17,8%-ды құраса, BYD мен Geely үшін 27–29% деңгейінде. Ал мемлекеттік SAIC компаниясының көліктеріне салынатын тариф 45%-ға жетеді.

Қытайлық гибридтердің экспорты күрт өсті

Бұл шектеулерден кейін қытайлық автокомпаниялар Еуропаға желіден қуатталатын гибридті көліктердің (PHEV) экспортын айтарлықтай арттырды. Фраунхофер институтының дерегіне сәйкес, 2024 жылы Еуропада Қытайда шығарылған 25 мың ғана PHEV сатылса, 2025 жылы олардың саны 160 мыңға жеткен.

Қазір Еуропадағы ең танымал гибридті модельдердің бірі BYD Seal U. Ол сатылым көлемі жағынан бұрынғы көшбасшыларды артта қалдырған.

Еуропа неге алаңдап отыр

Қытай автокөліктерінің нарықтағы үлесінің артуы еуропалық өндірушілердің алаңдаушылығын күшейтті. Сондықтан Брюссель жоғары кедендік баж салығын енді гибридті көліктерге де қолдануға дайындалып жатыр. Қазір бұл бағыттағы жұмыстарды Еуропалық комиссия жүргізуде. Жаңа тарифтер ЕО-ға мүше елдердің дауыс беруінен кейін алдағы айларда бекітіледі.

Өз кезегінде қытайлық автокомпаниялар өндіріс орындарын тікелей Еуропада ашуға көшті. BYD Венгриядағы зауыт құрылысының соңғы кезеңіне жетсе, Chery мен SAIC Испанияда көлік құрастыру өндірісін ұйымдастырып жатыр. Сонымен қатар олар жұмысын тоқтатқан еуропалық зауыттарды сатып алу мүмкіндігін де қарастыруда.

Айта кетейік, Қазақстандағы жаңа энергия көздерін пайдаланатын автомобильдер (NEV) нарығы қарқынды өсім көрсетуде. «Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы екі айында ресми дилерлер осындай 708 көлік сатқан. Бұл өткен жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 4,2 есе көп.