
Көлік сертификаттары базасында Қытайда шығарылған Volkswagen Tayron L кроссовері пайда болды. Ол Қазақстан нарығында брендтің ресми түрде ұсынылатын екінші моделі болуы мүмкін. «Курсив Авто» жаңа көлік туралы белгілі ақпараттарды ұсынды.
Tiguan моделінің туысы
Қазір Қазақстанда Volkswagen маркасының ресми түрде сатылып жатқан жалғыз моделі – флагмандық Touareg кроссовері. Алайда алдағы айларда бұл жағдай өзгеруі мүмкін.
Tayron L моделінің «ҚазСтандарт» тізілімінде тіркелуі көліктің Қазақстан нарығына шығуы мүмкін екенін көрсетеді. Өтініш беруші ретінде Orbis Auto құрамындағы брендтің ресми дистрибьюторы саналатын «Mercur Autos» ЖШС көрсетілген.

Tayron L жаңа буындағы Volkswagen Tiguan моделімен бір платформада жасалған. Кроссовердің ұзындығы шамамен 4,7 метр, ал доңғалақ базасы 2,8 метрге жуық.
Қытайда шығарылатын «неміс» көлігі
Қазақстан нарығына арналған модель Қытайдың Чанчунь қаласындағы FAW-Volkswagen зауытынан жеткізіледі. Сертификатталған нұсқада көлемі 2 литрлік EA888 турбоқозғалтқышы көрсетілген. Оның қуаты – 220 ат күші, ал айналу моменті – 350 Нм.

Сатып алушыларға алдыңғы жетекті және толық жетекті нұсқалары ұсынылуы мүмкін. ОТТС құжатында беріліс қорабының түрі көрсетілмеген. Алайда Қытай нарығында бұл модельдер 7 сатылы DSG роботтандырылған беріліс қорабымен жабдықталады.
Бағасы
Қазақстандағы ресми бағасы әзірге белгісіз. Ал Қытай нарығында алдыңғы жетекті Tayron L моделінің бағасы 218 мың юаньнан (шамамен 15,7 млн теңге) басталады. Ал толық жетекті нұсқасы 248 мың юаньнан (шамамен 17,9 млн теңге) сатылады.
Көліктің типін мақұлдау құжатының алынуы әдетте автомобильді нарыққа шығаруға дейінгі соңғы кезеңдердің бірі саналады. Сондықтан Volkswagen Tayron L моделінің ресми таныстырылымы 2026 жылдың соңына дейін өтуі мүмкін.
Еске салайық, Volkswagen компаниясы Өзбекстанда алғашқы зауытын ашты. Ел президенті Шавкат Мирзиёев пен Германия федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келіссөздерге қол қойды.