
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша 24 маусымда елдің басым бөлігінде құбылмалы ауа райы болады.
Республика бойынша күн күркіреп, жаңбыр жауады, елдің солтүстік-батысында, түнде оңтүстігінде, күндіз солтүстігі мен орталығында нөсер жаңбыр жауады деп болжанды. Елдің тек солтүстік-шығысында, шығысында және оңтүстік-шығысында ғана жауын-шашынсыз ауа райы болжанады.
Ел бойынша жел күшейіп, бұршақ жаууы, дауыл тұруы ықтимал, ал оңтүстік-батыста, оңтүстікте, солтүстікте және орталықта шаңды дауыл тұрады, солтүстікте түнде және таңертең тұман түседі.
Күндіз Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу облыстарында және Ұлытау облысының шығысында 35-38 градус, Жамбыл облысында 38-40 градус, Түркістан облысында 40-41 градус аптап ыстық орнайды.
Күндіз Павлодар, Қарағанды облыстарының оңтүстігінде және Алматы облысының солтүстігінде 40-41 градусқа дейін өте қатты аптап ыстық болады.
Сондай-ақ Қазгидромет биыл шілде айында Қазақстанның 9 өңірінде құрғақшылық болуы мүмкін екенін айтты.