Жаңалықтар

Alibaba АҚШ үкіметін сотқа берді

фото: AFP

Қытайдың техноалпауыты Alibaba АҚШ үкіметін сотқа берді. Бұған дейін елдің Қорғаныс министрлігі (Пентагон) Alibaba-ны Қытай әскерімен байланысы бар компаниялар тізіміне енгізген, бірақ технокорпорация бұл байламмен мүлде келіспейді деп жазады Reuters.

Пентагонның қара тізімі

Reuters жазуынша, Пентагонның «Қытайдың әскери компаниялары» деп аталатын арнайы тізімі бар. 8 маусымда сол тізімдегі кәсіпорындар санын 188-ге дейін көбейтті. Оның ішіне Alibaba-ны да енгізген. АҚШ технокомпанияның Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігімен байланысы бар деп есептейді. Миллиардер Джек Маға тиесілі корпорацияны елдің қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне ықпал етеді деп айыптап отыр.

Бірақ Alibaba Group айыптаулармен мүлде келіспейді.

«Бұл шешімдердің ешқандай нақты немесе заңды негізі жоқ», – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Олардың сөзінше, Alibaba-ны тәуелсіз директорлар кеңесі басқарады, ешқайсысының әскери салаға қатысы жоқ.

«Компания өнімдері мен қызметтері қару-жарақ, қорғаныс немесе барлау үшін емес, бөлшек сауда, логистика және корпоративтік ақпараттық технологиялар үшін жасалған», – деп жазылған хабарламада. Олар сот арқылы өзін осы «қара тізімнен» алып тастауды талап етіп отыр.

Бірақ Пентагон өкілі қаралып жатқан сот істеріне қатысты пікір білдіруден бас тартты.

АҚШ-тың заңнамасына сәйкес, Пентагонның «қара тізіміне» енген компаниялармен келісімшарт жасасуға тыйым салынады. Ал 2027 жылдан бастап олардың өнімдері мен қызметтерін үшінші тұлғалар арқылы сатып алуға да шектеу қойылады. Бұл тізімге Alibaba-дан бөлек Baidu интернет-іздеу компаниясы, BYD және NIO автоөндірушілері, сондай-ақ WuXi AppTec биотехнологиялық компаниясы қосылды.

Alibaba Group ресми түрде Кайман аралында тіркелген, ал бас кеңсесі Қытайдың Ханчжоу қаласында орналасқан. Биыл TIME журналы компанияны ЖИ саласындағы ең ықпалды компаниялар қатарына қосты.

Тағы да оқыңыз: Alibaba мен Baidu-дың акциялары KASE-де саудаланады