Жаңалықтар

Алматы сыйлығы: Семей қаласында медиа-орталық құрылысы басталды

Семей қаласында медиа орталық құрылысы басталды
Медиа-орталық кескіні / фото: Абай облысы әкімдігі

Абай облысының орталығында Semey Media Center орталығының құрылысы басталды. Ғимаратты Алматы қаласы сыйға тартқан.

Жергілікті әкімдік мәліметінше, төрт қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 4,8 мың шаршы метр. Медиа-орталықта бейнежазба және аудиостудиялар, монтаждау бөлмелері, конференция залы, кинозал, коворкинг аймақтары орналасады. Сонымен бірге мұнда демалыс орындары мен кафе, медиа-кітапхана және басқа да қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Бұған қоса осында журналистер аллеясы пайда болады.

Құрылыс БАҚ қызметкерлерінің күні қарсаңында басталды. Облыс әкімі Берік Уәли оны өңір журналистері үшін жақсы жаңалық деп сипаттады.

«Ғимараттың архитектуралық келбеті жақсы. Жаңа нысан «Smart sity» ауданының көркін ашатын орталық болатыны анық», – дейді әкім.

Семей қаласында медиа орталық құрылысы басталды
Медиа-орталық аумағында журналистер аллеясы орналасады / фото: Абай облысы әкімдігі

Тағы бірнеше ғимарат салынады

Семей қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта тағы екі нысанның құрылысы басталды. Солардың бірі – Шығармашылық орталығын Шымкент қаласы тарту еткен. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 1,2 мың шаршы метр.

Ғимарат оқу, жалпы мектептік және әкімшілік-шаруашылық блоктарынан тұрады. Оқу бөлімі музыкалық, хореографиялық және бейнелеу өнері бағыттарына бөлінеді. Жоба 150 оқушыға арналған.

«Абайға тағзым» акция аясында салынып жатқан тағы бір ғимарат – теннис орталығы. Оны Павлодар облысы тарту етті.

Осының алдында ғана Қытай билігі Семейдегі көпір құрылысына қаржы бөлуден бас тартқан.