Жаңалықтар

Атырауда 90 жастағы зейнеткерді қамауда ұстауға қатысты іс тергеліп жатыр

Атырауда 90 жастағы зейнеткерді қамауда ұстауға қатысты іс тергеліп жатыр / Фото: Shutterstock

Атырау облысында Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының 90 жастағы тұрғынына қатысты жасалған ықтимал қатыгездік тергеліп жатыр, деп хабарлайды HALYQSTAN Telegram-арнасы.

Қарт адам пана тапқан туыстарының айтуынша, ол үй ішінде өз еркінен тыс ұсталып келген. Зейнеткердің өзі оған тамақ пен су бермегенін, далаға шығармағанын, сондай-ақ кедергі жасамауы және кетіп қалмауы үшін мезгіл-мезгіл қолы мен аяғын байлап тастап отырғанын айтты.

Ер адамның жақындарының айтуынша, ол өздігінен босап шыға алған. Олардың сөзінше, зейнеткер қайшы тауып алып, скотчты қиған, түнде үйден терезе арқылы шығып, өзінің туған ағасының үйіне жетіп, көмек сұраған.

Қарт адамның туыстары объективті тергеу жүргізуді және кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етуде. Олардың айтуынша, болған оқиғаға зейнеткердің ұлының қатысы болуы мүмкін.

Атырау облысының полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«19 маусымда дене жарақатын салу фактісі бойынша «Ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полициядан.

Еске салайық, осыған дейін Шардара ауданы Қоссейіт ауылында 42 жастаға Алмас Садақбаев мүгедек әкесін үйдің ауласында ұрып-cоққан видео тараған. Полиция іс қозғап, іс сотта қаралған. Айыпталушы ісі Қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы және «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабымен тіркелген.