
Қазақстанда 24 маусымнан бастап 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік банкнота төлем құралы ретінде қабылданбайды. Бүгіннен бастап банкнотаның айналымда жүру мерзімі аяқталады.
Дегенмен ескі үлгідегі 2000 теңгелік банкнотасы бар азаматтар ақшасынан айырылмайды. Ұлттық банк мәліметінше, оларды қолданыстағы банкноттарға 2029 жылғы 25 маусымға дейін екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде айырбастауға болады.
Ал Ұлттық банктің филиалдары мұндай купюраларды қабылдау мен айырбастауды мерзімсіз жүргізеді.

Айырбасталатын сомаға қатысты шектеу жоқ. Алайда банктер мен «Қазпошта» өздерінің ішкі ережелеріне сәйкес комиссия алуы мүмкін. Ұлттық банктің филиалдарында айырбас жеке басты куәландыратын құжатты көрсеткен жағдайда тегін жүргізіледі.
Еске сала кетейік, «Сақ стилі» сериясымен шыққан жаңа 2000 теңгелік банкнот 2025 жылдың екінші тоқсанында айналысқа енгізілген болатын, ал 25 маусымнан бастап ол қолма-қол ақшамен есеп айырысуға арналған осы номиналдағы жалғыз заңды купюраға айналды.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 20 мың теңгелік жаңа банкнота айналымға қашан шығатынын айтқан еді.