
24 маусымға қараған түні Ұлттық гвардияның бұрынғы сарбазы Ербаян Мұхтардың жүрегі тоқтап қалды. Алайда оның отбасы мәлімдеме жасап, әскеридің өліміне дәрігерлерді айыптап отыр.
Ербаянның ағасы Наурызбай Сәкібаевтың сөзінше, өткен айда сарбаздың пневмониясы асқынып, ауруханаға алып кеткен. Арада 20 күн өткенде дәрігерлер оның анасына хабарласып, ұлының қайтқанын естіртеді.
«Үйде жап-жақсы жүрген, оның пневмониясын өзіміз емдеген едік. Кейін жедел-жәрдем шақырып, олар Ербаянды алып кетті. Ауруханада 20 күндей жатты. Менің телефонымда видеолары сақталған, ол демалған трубкасы іріңге толып кеткен. Оған ешкім қарамаған. Содан кейін инфекция кеткен ғой», – деді ол Masa Media редакциясына.
24 маусымға қараған түні Ербаянның денесі сараптама жасау үшін мәйітханаға жіберілді. Дегенмен оның отбасы тексеру әділ өтетіне сенбейді, сондықтан мәйітін ашпауды сұрап отыр.
Ербаянның өліміне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі арнайы мәлімдеме жасады. Олар сарбаз өз ажалымен өмірден өтті деп түсіндірді. Мамандардың сөзінше, ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында науқастың жүрегі тоқтаған.