Жаңалықтар

«Рөлде мас адам отырды»: Үш адам қайтыс болған жол апатына қатысты тың деректер шықты

фото: видеодан скрин / сурет сапасы ЖИ арқылы өңделді

Алматы-Қорғас тас жолында жол апаты болып, үш адам қайтыс болды. Марқұмдардың туысы апатқа себепкер болған көлік жүргізушісі мас болғанын айтады.

«Кеше, 23 маусымда Алматы-Қорғас трассасындағы көлікте менің әпкем, оның күйеуі, балалары мен он айлық немересі келе жатқан еді. Оларға соқтығысқан машина рөліндегі жүргізуші мас еді және құзырлы орган қызметкері болған. Бірнеше секунд ішінде өміріміз тас-талқан болды, бір отбасынан айырылып қалдық. Екі бала мен немере аман, бірақ жетім қалды. Қазір бірнеше жерден жарақат алып, аурухана жатыр», – деп жазды ол Тредстегі парақшада.

Өзін Гүлзана Тұрдиева деп таныстырған қолданушы марқұмның туысы екенін айтады. Ол тергеудің ашық, әділ өтуін сұрап отыр.

«Кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Әпкем мен бауырларым әлі сене алар емес. Сол машинада отырғанның барлығы жауап беруі керек. Ішіндегі біреуі тіпті қашып кеткен. Ал апатқа себепкер жүргізуші ауруханаға келіп, ауыр жарақат алғандай етіп көрсетті, оны ауруханадағы бейнебақылау камераларынан көруге болады», – дейді ол.

Қайғылы оқиға 23 маусымда Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Haval автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, Audi 100 көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Audi жүргізушісі мен екі жолаушысы көз жұмды.