Жаңалықтар

Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашқан ер адамдарға сот үкімі шықты

Қыз алып қашқандар сотталды
Қыз алып қашқандар сотталды / фото: Shutterstock

Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашқан 25 жастағы ер адам мен оның екі танысына сот үкімі шықты.

Сот шешімі

Otyrar.kz жазуынша, сот олардың әрекетін Қылмыстық кодекстің «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы бойынша саралап, әрқайсысына үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сонымен қатар істің басты күдіктісі жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Жалпы, іс бойынша төрт адам адам күдікті ретінде танылған. Алайда олардың бірі әлі күнге дейін іздеуде жүр. Күдіктілер Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылының тұрғындары, әрі бір сыныпта оқыған.

Күдіктілер кінәсін мойындаған жоқ

Сот талқылауы барысында сотталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Қыздың сол жігітпен таныс болғаны және онымен кездесуге өз еркімен келіскені анықталды. Алайда, соттың анықтауынша, ол тұрмысқа шығуға және өзін алып қашуға келісім бермеген.

Іс жабық режимде қаралды. Үкімге қатысты жәбірленуші тараптың ұстанымы әзірге белгісіз. Ал сотталғандар сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағым түсірмекші. Туыстарының айтуынша, қыз діни неке қию рәсімінен кейін жігітпен бір айға жуық бірге тұрған. Кейіннен кетіп қалып, анасымен бірге полицияға арызданған.

«Ол біздің үйге өз еркімен келді. Олар араласып, бірге тұрды. Кейін кетіп қалды, оның не себепті кеткенін әлі күнге дейін түсінбейміз. Баламызға қиянат жасалды деп есептейміз», – дейді сотталған азаматтың анасы Зүлфия Елбаева.

Сотталғандардың бірі үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр. Оның сөзінше, ол тек досына көмектескен және өзін кінәлі деп санамайды.

Оқиғаның мән-жайы

Еске сала кетейік, оқиға 2025 жылдың қараша айында болған. Қаңтарда бойжеткен мен оның анасы полицияға арызданған. Кейінірек кәмелетке толмаған қыз әлеуметтік желіде басынан өткен жағдайды айтып берді.

Оның айтуынша, күдіктінің туыстары оған «өз еркімен келдім» деген қолхат жазғызып алған, сондай-ақ жасы толмағанына қарамастан, жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.

Адам алып қашу – ауыр қылмыс

Бас прокуратура қызды еркінен тыс алып қашқан адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертеді. Адам алып қашу – ауыр қылмыс.

2025 жылғы 16 қыркүйектен Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы күшіне енді. Аталған нормаға сәйкес, адамды некеге тұруға немесе бірге тұруға мәжбүрлеу, сондай-ақ осы мақсатта адам ұрлау қылмыс болып саналады.