
Жасөспірім демалу үшін жабдықталмаған жерде шомылған. Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 22 маусым күні кешке Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда болған.
Батып кеткен жасөспірімнің денесі Есіл өзенінен, Мұқыр ауылынан шамамен бес шақырым жерден табылды.
2009 жылы туған бозбаланың денесін судан СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері шығарды.
Құтқарушылар тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, тек ресми түрде рұқсат етілген, демалыс үшін жабдықталған және құтқарушылардың бақылауындағы жерлерде ғана шомылу керек.
Тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Тәртіп бұзушыларға 7 АЕК – 30 мың теңгеден астам көлемде айыппұл салынады.
Шомылу маусымы басталғалы бері бұл Солтүстік Қазақстан облысында суда адам өлімі тіркелген үшінші жағдай.
Айта кетейік, осыған дейін Батыс Қазақстан облысында ауыл мектебінің бірден үш түлегі суға кетті. Олар шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен.