
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия астанасында Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Ресми мәліметке қарағанда, кездесу барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ елді саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңғыртудың негізгі бағыттары талқыланған.
«Президент мемлекеттік институттарды одан әрі дамытуды, басқару тиімділігін арттыруды және халықтың тұрмыс сапасын көтеруді көздейтін қазіргі өзгерістер жөнінде айтты», – делінген шағын мәліметте.
Тони Блэр – Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі (1997–2007 жылдары басқарған) және халықаралық саяси қайраткер. Ол қазіргі уақытта жаһандық саяси кеңесші, сарапшы және бірнеше ірі халықаралық бастамалардың жетекшісі ретінде қызмет етіп жүр.
Айта кетейік, Блэр 2011–2016 жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан үкіметінің ресми саяси және экономикалық кеңесшісі болған.