
Алматыда Алатау және Жетісу аудандарындағы жер телімдерін сатып алу басталды. Тиісті қаулыға қала әкімі қол қойды. Бұл туралы Kursiv.Media krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сүрілетін аумақта не салынады
Аталған жер телімдері мемлекет қажеттелігі үшін сатып алынып, ондағы нысандар сүріледі. Сүрілетін аумақтарда кәріз-сорғы станцияларын салу жоспарланған.
Мемлекет меншігіне өтетін жер телімдерінің жалпы аумағы 0,17 гектардан асады.
Алатау ауданында қандай жер телімдері мемлекет қажетіне алынады
Кәріз-сорғы станциясын салу үшін Томирис шағынауданындағы екі жер телімі мемлекет меншігіне беріледі.
Олар:
- Шынқожа батыр көшесі, 72/6 – жер телімінің аумағы 0,0653 га;
- Жәпек батыр көшесі, 23/6 – жер телімінің аумағы 0,0639 га.
Жердің жалпы аумағы 0,1292 гектарды құрайды. Жер телімдерін сатып алу жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жетісу ауданында қандай жер телімі мемлекет қажетіне алынады
Тағы бір қаулы Жетісу ауданына қатысты қабылданды. Мұнда кәріз-сорғы станциясын салу үшін Зубарев көшесі, 5 мекенжайындағы жер телімінің бір бөлігі мемлекет қажетіне алынады.
Жалпы аумағы 0,1142 гектар болатын жер телімінің 0,0476 гектары мемлекет қажеттілігі үшін сатып алынады.
Меншік иелеріне қандай өтемақы төленеді
Жер иелеріне өтемақы төленеді. Жер телімдері, тұрғын үйлер және өзге де құрылыстар нарықтық құны бойынша бағаланады.
Егер меншік иесі ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспесе, мәселе сот тәртібімен қаралуы мүмкін.
Еске салсақ, Алматыда жаңа метро желісінің құрылысы басталады. Осыған байланысты жаңа станциялар үшін жер телімдері сатып алынып, бірқатар үйлер сүрілетін болады. Сүрілетін ғимараттар Алмалы, Медеу және Түрксіб аудандарында орналасқан.