
Алматы облысында күйген мәйіті таудан табылған 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды.
Тергеу мәліметінше, қылмысқа күдікті жұбайы да бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткен.
КТК телеарнасының хабарлауынша, ерлі-зайыптылар 15 жыл бірге өмір сүріп, жеті бала тәрбиелеген. Көршілері оларды үлгілі отбасы ретінде сипаттап, ұлдарының тәрбиелі әрі спортпен айналысқанын, ал ата-анасының сыпайы жандар болғанын айтады.
Алайда тергеу нұсқасы бойынша, қанды оқиға олардың Алматыдағы пәтерінде болған. Полицей өлтірілгеннен кейін оның мәйіті көлікке тиеліп, Алматыдан шамамен 300 шақырым жердегі тауға жеткізіліп өртелген. Адам сүйегі жатқан орынның қалдығын мал іздеп жүрген жергілікті шопан байқап қалған.
Ұсталғандарды қандай жаза күтіп тұр
Қазіргі уақытта Әлсеровтердің пәтері мөрленген. Алматы облыстық полиция департаменті марқұмның полиция қызметкері болғанын растады.
«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Тергеушілер отбасы мүшелері арасында нақты не болғанын анықтап жатыр.
Аслан Әлсеров жерленді. Егер оның жұбайы мен кәмелетке толмаған ұлының кінәсі сотта дәлелденсе, оларға 15 жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Заң бойынша, күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін дәлелденбеген болып саналады.
Кеше Алматы қаласы полиция қызметкерінің өртенген мәйіті табылғаны мәлім болды.